Қазақстанда жүк тасымалдайтын әуе компаниясы құрылады

жүк
Фото: niksilogistic.com

Астана. 2 тамыз. 7kun.kz — Қазақстанда жүк тасымалдаумен айналысатын әуе компаниясы құрылады. Бұл туралы ҚР Инвестициялар және даму бірінші вице-министрі Алик Айдарбаев баспасөз мәслихатында хабарлады.

«Өздеріңіз де жақсы білесіздер, кез келген елде жолаушылар тасымалынан бөлек жүк тасымалдаумен айналысатын компаниялар болады. Бүгінгі күнге дейін Қазақстанда мұндай компания болған емес. Енді міне «Қазақстан темір жолы» «Эйр Астанамен» бірлесіп осындай компания құратын болады.  Бұл жаңа  компания. Ол ағымдағы жылы құрылады. Бүгінгі күні Қазақстан темір жолы осы бағытта жұмыс істейтін серіктес іздестіріп жатыр. Біздің жоспарымыз бойынша компанияны 2017 жылдың соңына дейін құру қажет. Жұмыстарды бастап кету үшін бастапқыда тым болмағанда 2 әуе кемесін жалға алу немесе сатып алу керек. Компанияның даму стратегиясына сәйкес ол  болашақта жүк тасымалы нарығында лайықты орын алады деп күтілуде»,-  деді Алик Айдарбаев.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта елдегі барлық жүк тасымалы шетелдік компаниялар арқылы жүзеге асырылып жатыр.  Сол себепті Қазақстанда да жүк тасымалдаумен айналысатын компания құру қажет.

«Яғни, компания стратегиясы отандық жүк тасымалдаушыны  дамытуға бағытталған. Толықтай алғанда, бұл Қазақстанды көліктік-транзиттік әлеуеті дамыған ел  ретінде дамыту стратегиясына сай келеді.  Бүгінгі күні еліміз арқылы өтетін транзиттік жүктердің көлемі арта түсуде.  Көліктік инфрақұрылымды дамытуға да бюджеттің мол қаржысы құйылуда»,—  деді бірінші вице-министр.