Қазақстандық алты банк жеңілдетілген автонесие беретін болады

1431
Қазақстандық алты банк жеңілдетілген автонесие беретін болады

Ұлттық қордың есебінен Қазақстанның даму банкі (ҚДБ) отандық автоөндірісті қолдау мақсатында бөліп отырған 20 млрд теңгенің 15 миллиарды Қазақстанда жиналған автокөлікке ие болғысы келген жеке тұлғаларды несиелендіру үшін алты банкке бөліп берілетін болады. Бұл туралы ҚДБ басқарма төрағасы Болат Жәмішев мәлімдеді.

Оның айтуынша, ҚДБ екінші деңгейлі банктерді 1% жылдық мөлшерлемемен несиелендіреді.

«15 млрд теңге банктерге 20 жыл мерзімге беріледі. Борышкерлерді несиелендіру мерзімі бес жылдан аспайтын болғандықтан, аталған бағдарлама осымен тоқтап қалмайды, мұрақты жүріп отыратын болады. Қаржыны қайтарған банктер қайта қаржыландырылып тұрады. Жеке тұлғаларға берілетін несиенің номиналды мөлшерлемесі 4%-ды құрайды. Мұның бәрі бизнес емес, экономкласс үшін жасалып отырған шаралар», — деді басқарма бөрағасы.

Республика экономикасын модернизациялау жөніндегі мемлекеттік комиссия бекіткен банктер тізімі келесідей:

  • Қазақстанның Халық банкі (4 млрд теңге); 
  • Еуразиялық банк (3 млрд теңге); 
  • Сбербанк Қазақстан (2 млрд теңге); 
  • Банк ЦентрКредит (2 млрд теңге); 
  • АТФ Банк (2 млрд теңге); 
  • ForteBank (2 млрд теңге).

Жеке тұлғаларға KIA, Hyundai, Skoda, Chevrolet, SsangYong және Peugeot секілді брендтердің 55 моделі ұсынылады. 20 сәуірден бастап отандық автокөлікті несие арқылы алудың тиімді пайыздық мөлшерлемесі 7,5%-ды құрайтын болады.

Қазақстандық автобизнес ассоциациясының президенті Андрей Лаврентьевтің айтуынша, қазіргі уақытта ең арзан автонесиенің мөлшерлемесі 18% екен.

«Қазір қазақстандық нарықта 10 көліктің алтауы несие арқылы сатылады. Бұл ретте аталған мемлекеттік бағдарлама бірнеше бағыт бойынша өз пайдасын тигізе алады. Отандық автоөндіріс те дамиды, тұтынушы да ұтады. Тиімді пайыздық мөлшерлемесі 7,5%, барлық сақтандыру төлемдері ескерілген несиемен жаңа көлік алуға болады», — дейді ол.

Жеке тұлғаларды несиелендіру келесі талаптар арқылы жүреді:

  • Номинал сыйақы мөлшерлемесі 4%-дан аспауы қажет; 
  • Жылдық тиімді мөлшерлемесі 7,5%-дан аспауы қажет (бұған КАСКО бойынша сақтандыру және автокөлікті кепілге рәсімдеу бойынша шығындар да кіреді); 
  • Несиенің берілетін мерзімі 5 жылдан аспауы қажет; 
  • Несие валютасы — теңге; 
  • Бір көліктің бағасы 5,6 млн теңгеден аспауы қажет; 
  • Міндетті алғашқы жарна сатылатын көліктің 20%-нан аспауы қажет; 

Қалған 5 млрд теңге ҚДБ-ның еншілес компаниясы «ҚДБ-Лизинг» арқылы лизингке арнайы бағыттағы автокөлік пен автотехника алатын (ауыл шаруашылығы техниксынан басқа) заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлерді қаржыландыруға бағытталады. Оның талаптары келесідей:

  • Лизинг мерзімі 3 жылдан 5 жылға дейін; 
  • Номинал сыйақы мөлшерлемесі 4%-дан аспауы қажет; 
  • Қаржыландыру валютасы — теңге; 
  • Лизинг бойынша алғашқы жарна алынатын техника құнының 30%-ы; 
  • Негізгі қарызды төлеу бойынша жеңілдік мерзімі — 6 ай; 
  • Қосымша шығындар (сақтандыру, қызмет көрсету және агенттік қызметі) лизиналушының есебінен. 

Аталған мемлекеттік бағдарлама «Нұрлы Жол» президент бастамасының аясында жүзеге асырылады.

7kun.kz бұған дейін интернет қолданушыларының аталған несие түрі тиімсіз деп жатқаны туралы жазған болатын.

Сондай-ақ, сайтымыздан жеңілдетілген несие арқылы рәсімдеуге болатын қазақстандық жеңіл көліктер мен кроссоверлер, жол талғамайтын көліктер және минивендер туралы арнайы фотошолулар да оқи аласыздар.