Қазақстанда шетел валютасын сатып алу көбейді

410
шетел валютасы
Фото: time.kz

Алматы. 26 қыркүйек. 7kun.kz — Қазақстанда 2017 жылғы тамызда қолма-қол шетел валютасын (АҚШ доллары, Ресей рублі, еуро) сатып алу шығыстары нетто-негізде 313,6 млрд теңгені құрады. Бұл туралы Ұлттық банк баспасөз қызметі хабарлайды.

Негізгі көлем АҚШ долларын (93 пайыз) сатып алуға бағытталған, Ресей рублі мен еуроның үлесі тиісінше 1,5 пайыз және 5,5 пайыз. Өткен аймен салыстырғанда қолма-қол шетел валютасын сатып алу шығыстары 59,6 пайызға ұлғайған. АҚШ долларын сатып алу шығыстары 2,2 есе өсіп, Ресей рублі мен еуроны сатып алу шығыстары тиісінше 89 пайызға және 3 пайызға төмендеген.

2017 жылғы қаңтар-тамызда қолма-қол шетел валютасын сатып алу шығыстары (нетто) 1,4 трлн теңге (АҚШ доллары – 66 пайыз, Ресей рублі – 24 пайыз, еуро – 10 пайыз) болды.

Қолма-қол шетел валютасына сұраныс жеке тұлғалардың жеке шығыстарын (шетелге туристік сапарлар, шетелге ақша аударымдары, жинақтарды әртараптандыру) төлеу қажеттілігіне, негізінен сауда қызметін жүргізетін шағын кәсіпкерліктің жекелеген санаттарының қажеттілігіне негізделген. Тамызда қолма-қол шетел валютасын сатып алу көлемінің өсуіне бұрын Ұлттық Банк мәлімдеген негізсіз девальвациялық күтулердің артуы да әсер еткен.

Айгүл Хожантаева