Қазақстандықтардың көпшілігі онлайн-бизнеске сенбейді

Қазақстанда интернет-бизнестің 97 пайызы міндетті түрде жабылып қалады. Оған себеп тұтынушылардың көпшілігі ғаламтор дүкендерінің саудасына сенбейді. Бұл туралы Алматыда өткен онлайн бизнес өкілдерінің отырысында мәлімделді.

Онлайн-бизнестің тез арада жабылып қалуының тағы бірнеше себебі бар:

  • Нарықтағы бағаға шамадан тыс оптимистік көзқараспен қарау;
  • Капитал айналымының жетіспеушілігі;
  • Инвесторлар қызығушылығының болмауы;
  • Тұтынушылар қызығушылығының болмауы;
  • Фокустың жетіспеушілігі, яғни бәрін бірден сатамын деген ойдың болуы;
  • ІТ құралдарын артық пайдалану;

Ал қаржылай кеңесші Расул Рысмамбетовтың сөзінше, алдағы он жылда барлығы онлайн-бизнеске өтіп, бәсекеге қабілетті болу үшін жұмыс істейді.

«Қазіргі уақытта барлығы онлайн саудаға ауысып жатыр. Бұл мегаполисте уақытты тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Сол себепті тұтынушылар ғаламтор дүкендеріне біртіндеп ауысып жатыр. Онлайн сауда жасау өте жеңіл және шығындардың аз болуына көмектеседі», — деді ол.

Онлайн арқылы байланысқа шыққан украиналық спикер, «Liftmarketing» компаниясын құрушылардың бірі Андрей Полищук ТМД елдері арасында онлайн-бизнес енді дамып келе жатқанын айтты.

«АҚШ және батыс елдерімен салыстырғанда ТМД елдері арасында интернет сауда нарығы бойынша айырмашылықтар бар. Біз нарықтағы осы тиімділікті пайдалана отырып, өз позициямызды жүзеге асыра аламыз», — деді украиналық кәсіпкер.