Қазақстанның интернет-саудасы 1 млрд долларға дейін өседі — Болжам

195
интернет-сауда
Фото: ubr.ua

Алматы. 17 шілде. 7kun.kz — Болжам бойынша 2017 жылы Қазақстандағы интернет-сауда 1 млрд долларға дейін өседі. Бұл туралы chocolife.me хабарлады.

Онлайн сатып алушылар негізінен тауар мен ойын-сауыққа төлем жасайды.

Компанияның мәліметінше, барлық тұтынушылардың (1,2 млн) 28 пайызы «Ойын-сауық және демалыс» категориясын таңдайды. Бұл категория барлық сатып алулардың 25 пайызын құрайды. Екінші орында «Тауарлар» (26%) тұр. Оның жалпы саудадағы үлесі 16 пайыз. Одан кейін «Сұлулық және денсаулық» (18%), «Тағам» (14%), «Қызметтер» (10%) және «Спорт» (5%) бөлімдерінен жиі сауда жасалады.

«Таңдалған категория мен сауда жиілігіне қарай тұтынушылар арасындағы байланыс әр бөлімде әр түрлі. Мысалы, «Тағамдардың» 14 пайыз тұрақты тұтынушылары бар, олардың жалпы сауда көлеміндегі үлесі — 21 пайыз. Сонымен қатар, бір адам бірнеше қызметтерді («Тағам», «Тауарлар») пайдалануы мүмкін», — деп атап өтті компанияда.

Мәліметке сәйкес, онлайн-сервистерде тіркелген тұтынушылар саны артып келеді. Егер 2013 жылы өсім 28 пйыз болса, 2016 жылы бұл көрсеткіш 74 пайызды құраған. Бірақ сауда жиілігі шамалы төмендеген. 2013 жылы белсенді купон сатып алушылар саны 22 пайыз болған. Ал 2015 жылы 18 пайызға дейін азайды. 2016 жылы болса, сауда жиілігі қайтадан 19 пайызға дейін артты.

2016 жылы Chocofamily-дің жалпы сауда айналымы 11,02 млрд тенгені құрады. Яғни 2015 жылға қарағанда (2015 жылы 16 млрд тенге) екі есе өскен.

«Біз алдағы бес жылда Қазақстанның e-commerce нарығы 2,7 есе артады деген болжам жасадық. Егер 2016 жылы көлем 750 млн долларды құраса (258,39 млрд теңге), 2017 жылы бұл көрсеткіш 1 млрд долларға дейін (340 млрд теңге) жетеді. 2020 жылға таман өсім 2 млрд доллар (680 млрд теңге) болады. Бұл жылы компания айналымы 61,2 млрд теңгені құрауы тиіс. Яғни біз нарықтың 9 пайызына ие блуымыз керек», — деді компания мүшелері.