ЖаңалықтарТаңдаулы1Шикізат

Қазақстанның көмірі Ресей порты арқылы шетелге экспорттала бастады

Алматы. 8 ақпан. 7 kun.kz – Қазақстанның көмір өндіруші компанияларына саланы әртараптандыру міндеті жүктелді. Бірінші кезекте олар ішкі нарықты қамтамасыз етуі тиіс. Ал өнімнің сапасын экспорттық деңгейге көтеру уақыт талабы. Энергетика министрі Қанат Бозымбаев кеніш басшыларына нақты тапсырмалар берді, деп хабарлайды ҚР Энергетика министрлігі.

Павлодар аумағындағы ірі көмір кеніштері аязды күндері де өндірісін тоқтатпады. Мысалы, энергетика саласына көмір өндіретін «Богатырь» кеніші 2017 жылы тұтынушысына 41 млн тонна қатты отын жеткізіпті. Осылайша, көмір өндіру көлемі 17 пайызға артқан. Ал «Восточный» кеніші болса өнім көрсеткішін 1 млн тоннаға арттыруды жоспарлап отыр. Кәсіпорын алғашқылардың бірі болып байытылған отын алуға көшті. Енді аз мерзімде отандық нарыққа көмірдің жаңа түрімен шығатын болады.

Көмір кеніштерінде байыту фабрикаларын салу энергетика министрлігінің басты талабы. Бұл туралы облысқа жұмыс сапарымен барған Энергетика министрі Қанат Бозымбаев айтты. Ол әсіресе «Мөйкөбе» көмір кенішінің ерекше назарда екенін атап өтті. 2018 жылы кәсіпорынның кен орнын игеру келісімі аяқталады.

«Егер кенішке озық технологиялар енгізілмесе, көмірдің сапасы қажетті кондицияға дейін жеткізілмесе және алынатын өнім түрі экспорттық деңгейге көтерілмеген жағдайда біз олармен келісімшартты ары қарай ұзартпаймыз», — дейді Қ. Бозымбаев.

Қазақстанның көмірі қазір Ресей порты арқылы шетелге экспорттала бастады. Осының өзі оның өндірісін әртараптандыруға жол ашады. Бірақ қатты отын алдымен ішкі нарықтың сұранысын толық қанағаттандыруы тиіс. Павлодар облысы Екібастұз аумағындағы көмір кеніштерін аралаған министр осы мәселеге ерекше тоқталды.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Tags

Осы айдарда

Close