Қазақстанның қой еті Қытай нарығына шығуы мүмкін

Қазақстанның қой еті Қытай нарығына шығуы мүмкін
Фото: inform.kz

Астана. 21 сәуір. 7kun.kz — ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінде Қытайдың cапа, тексеріс және карантинді бақылау бойынша бас басқармасы (AQSIQ) мен сертификаттау мен тіркеу жөніндегі бас басқармасының өкілдерімен кездесу өтті.

Онда Қазақстанның ветеринарлық жүйесін бағалау, Қытайға шығарылуы мүмкін қой еті өнімдеріне қойылған ветеринарлық-санитарлық талаптар жайы талқыланды

Сәуірдің 19-27 аралығында Қытай делегациясы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлік палатасы мен Сарапшылар қауымдастығы ұсынған қой етін өндіретін бірқатар кәсіпорындарды аралап, оларға тексеру жүргізеді. Бұл ретте арнайы Қытай инспекция сы қазақстандық әріптестерімен бірлесіп еліміздің 5 өңіріндегі ірі ет өндіруші кәсіпорындардың жұмысымен танысуды жоспарлап отыр.

«Айта кетейік, қазіргі таңда Қытайдың сертификаттау мен тіркеу жөніндегі бас басқармасына әлем бойынша 100-ден аса мемлекет 10 мыңға тарта ұсыныс тастаған. Олар Қытайдан оң қорытынды алу кезегін күтіп жүр. Алайда, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары, ауыл шаруашылығы министрi Асқар Мырзахметовтың 2017 жылғы сәуір айындағы ҚХР іс-сапары аясындағы келіссөздердің арқылы Қазақстаннан түскен ұсыныстарға айрықша мән беріліп, мерзімі жеделдетілді», — делінген баспасөз хабарламасында.

Тексеру нәтижесінің қорытындысы бойынша, қазақстандық қой етін қытай нарығына шығаруға рұқсат беру мәселесі қаралады.

Дереккөз: inform.kz