Қор биржасы туралы қазақ журналистеріне арналған семинар өтті

Қор биржасы
Қазақстанның қор биржасы төрағасының орынбасары Андрей Цалюк дәріс оқып жатыр.

Алматы. 29 маусым. 7kun.kz — Бүгін Қазақстанның қор биржасы мен Іскерлік журналистика мектебі қазақ журналистері үшін «Биржалық ақпарат көздері» тақырыбында семинар өткізді. Семинарда биржа туралы, ондағы сауда алаңы мен журналистерге арналған құралдар жайы сөз болды.

Негізгі дәрісті Қазақстанның қор биржасы (KASE) төрайымының орынбасары Андрей Цалюк оқыды. «Журналистердің көпшілігі биржа туралы толық ақпаратты игермей жатып, біз туралы ақпарат таратады» деген ол, осы олқылықты жою үшін мұндай семинарлар маңызды екендігін айтты.

Семинарда Андрей Цалюк журналистер үшін маңызды ақпараттарды биржа сайтынан қалай табуға болатынын, KASE-дегі құралдар қалай жұмыс істейтіні мен биржадағы трендтерді қалай бақылап отыруға болатынын түсіндірді.

Сонымен бірге, журналистерге күнделікті доллар күрсы бекітіліп, құнды қағаздар саудаланатын трейдерлердің (биржада сауда жасайтын тұлғалар — авт.) жұмыс орнына экскурсия жүргізілді. Қазақ журналистері өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алып, сайттың жаңа мүмкіндіктерімен танысты.