Қазақ телевизиясына 60 жыл: Студенттер арасында байқау жарияланды

460
60
Фото: inform.kz

Алматы. 8 ақпан. 7kun.kz – Қазақ телевизиясының 60 жылдығына орай, «Хабар» агенттігі студенттер арасында байқау жариялады. Бұл туралы «Хабар» агенттігі басқарма төрағасының орынбасары Ринат Кертаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында айтты.

«Келесі аптадан бастап «Хабар» агенттігі «Қазақ телевизиясының 60 жылдығы және Хабар агенттігі» тақырыбында ЖОО студенттері арасында очерктер байқауын жариялайды. Байқауда кез келген студент қазақ телевизиясының дамуы, оның ішінде «Хабар» телеарнасының орны туралы очеркін агенттікке жіберуі тиіс. «Хабар» агенттігінің шығармашылық тобынан құрылған әділқазы алқасы бір ай көлемінде келіп түскен материалдарды іріктеп, қазақ және орыс тілдеріндегі бірінші, екінші, үшінші орын алған студенттерді анықтайды», — деді Р.Кертаев.

Агенттік өкілі байқаудың барлық мамандық студенттеріне арналғанын атап өтті және үміткердің ой тереңдігіне баса мән берілетінін жеткізді.

«Бұл жерде бейнероликтер, деректі фильмдер байқауын ұйымдастыруға болар еді, бірақ барлық студенттің бейнекамераға түсіріп, монтаж жасауына мүмкіндік жоқ. Сондықтан, бірінші кезекте жарысқа қатысушының ой тереңдігі, жазу шеберлігі және қазақ телевизиясына деген позициясына зер салуды ұйғардық. Гуманитарлық мамандық студенттері ғана қатыссын деп шектеу қоюдан да аулақпыз. Себебі, Қазақ телевизиясының 60 жылдығын журналистердің ғана мерекесі емес, елдің тарихы, Қазақстанның барлық азаматтарына ортақ дата деп білеміз», — агенттік өкілі.

Бірінші орын алған студенттерге «Хабар» агенттігі қарамағындағы төрт телеарнаның бірінде шығармашылық практикадан өтуге және болашақта команданың бір мүшесі болуға мүмкіндік беріледі.

Байқау талаптары келесі аптада «Хабар» агенттігінің сайтында жарияланады.