Азия даму банкі Қазақстандағы күн электр станциясына 30,5 млн доллар бөледі

95
жасыл
Фото: vezha.vn.ua

Алматы. 3 шілде. 7kun.kz — Азия Даму Банкі (АДБ) мен «M-KAT Green» компаниясы 30,5 млн доллар баламалы сомасына теңгемен несие бөлу туралы келісті. Бұл туралы АДБ-нің баспасөз қызметі хабарлады.

«M-KAT Green» жобалау компаниясы (special purpose vehicle) «Total Eren SA» жетекші француздық тәуелсіз электр энергиясын өндірушіге тиесілі. Жоба — Еуропалық қайта құру және даму банкімен (ЕҚДБ) бірлесіп қаржыландырылады және АДБ-нің «Total Eren»-мен бірлескен Орталық Азиядағы алғашқы жобасы.

«Бұл жоба — Орталық Азиядағы күн энергетикасы саласындағы ең ірі жобалардың бірі және Қазақстанның энергетика секторының ескірген активтерін жаңғырту және электр энергиясына деген өсіп келе жатқан қажеттіліктерді қанағаттандыру мақсатында қуаттарды кеңейту үшін инвестицияларға қажеттілікті ескере отырып, алға қойған маңызды қадам», — деді АДБ жеке сектордағы операциялар жөніндегі департаментінің инвестиция жөніндегі маманы Вольфган Похайм.

Оның айтуынша, АДБ-нің көмегі «күн энергиясы саласындағы болашақ жобалардың өміршеңдігін анықтау бөлігінде басқа әлеуетті девелоперлер мен демеушілер үшін демонстрациялық әсерге ие болады».

Айта кетейік, қуаты 100 мегаватт (МВт) электр станциясы Жамбыл облысындағы Шу қаласының маңында салынып жатыр. Аумағы — 500 гектар. АДБ Қазақстанда жаңартылатын энергия саласындағы жобаларды қаржыландырудағы екі ұйым арасындағы табысты әріптестікке сүйене отырып, жобаны ЕҚДБ-мен бірлесіп қолдады.

АДБ хабарламасында көмір электр станцияларына Қазақстанда өндірілетін электр энергиясының 80% тиесілі екенін атап өтті. Белгіленген қуаттардың шамамен 70%-ы техникалық ескірген деп саналады және электр энергиясының жетіспеушілігі, әсіресе оңтүстік өңірде сақталуда. 2013 жылы Қазақстан жасыл экономикаға көшу және таза энергия үлесін 2050 жылға қарай электр энергиясының жалпы өндірісінің 50%-на дейін ұлғайту жоспарын жариялады.

Айта кетейік, электр станциясы Қазақстанға көміртегі шығарындыларын азайту арқылы климаттың өзгеруі туралы Париж келісімі шеңберінде өз міндеттемелерін орындауға көмектеседі. Өндірілетін электр энергиясы «M-KAT Green» және «Жаңартылатын энергия көздерін қолдау жөніндегі қаржы-есеп айырысу орталығы» ЖШС арасындағы электр энергиясын сатып алу туралы 15 жылдық келісімге сәйкес сатылатын болады, ол «Электр желілерін басқару жөніндегі Қазақстан компаниясы» АҚ-на (KEGOC) тиесілі.