Беларусь Ресейден алған несиесінің жартысын кері қайтарып береді

Сәуір айында Ресейден алған 110 млн. долларды Беларусь Мәскеу алдындағы қарызының жартысын төлеуге жұмсайды. Бұл туралы Беларуссияның қаржы министрі Владимир Амарин мәлімдеді деп хабарлайды ТАСС.

«Ол қаржы қарыз бойынша төлемді қайта қаржыландыруға жұмсалады. Бұл республиканың 2015 жылдағы мемлекеттік қарызының жартысы ғана», — деді ол. Шенеуніктің атап өтуінше, Минскінің сыртқы қарызын төлеуде ешқандай проблемасы жоқ. «Егер олар болса, барлығы да білер еді»,- деп мәлімдеді Владимир Амарин.

Қаржы министрлігінің мәліметінше, қазір Минск жаңа несие алу үшін Халықаралық валюталық қормен (ХВҚ) келіссөздер жүргізіп жатыр.

Айта кетейік, 31 наурызда Беларусь ХВҚ алдындағы қарызын толығымен өтеді. Қор берген жалпы несие көлемі 3,5 млрд. доллар еді. Минск ақшаны 2009-2010 жылдар аралығында алған.

27 наурызда Ресей үкіметі Беларуссияға 110 млн. доллар көлеміндегі несие бөлуге рұқсат берді. Қарыз рубль түрінде аударылды. Ал 2014 жылы Кремль тарапынан Минскіге мемлекеттік несие есебінде 2 млрд. доллар бөлінді. Осы жылы мемлекет сыртқы қарыздары бойынша 4 млрд. доллар төлеуді жоспарлап отыр. Жалпы несие көлемі 40 млрд. долларды құрайды.