Біртанов Жаңаөзендегі медициналық мекемелердің жұмысымен танысты

17
Біртанов

Алматы. 18 наурыз. 7kun.kz – Маңғыстау облысына жұмыс сапарымен барған ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Жаңаөзен қаласындағы бір қатар медициналық мекемелерді аралады.

Министр алдымен қалалық балалар ауруханасына барды. Бұл ғимарат 2017 жылы пайдалануға берілген. Министр аурухана қызметкерлерімен әңгімелесіп, сұрақтарына жауап берді.

Бұдан кейін Елжан Біртанов Жаңаөзен қаласының гемодеализ орталығына барды. Емхана мемлекеттік- жекеменшік әріптестік негізінде жеке серіктес «Клиника Эндохирургии» ЖШС инвестициялары есебінен — 51,0 млн. теңгеге салынған. Орталық заманауи аппараттарымен жабдықталған, мұнда созылмалы бүйрек жетіспеушілігінен зардап шегетін адамдарға жоғары білікті амбулаториялық гемодиализдік көмек көрсетіледі. Бұрын бүйрегі ауыратындар облыс орталығына барып емшара қабылдайтын, енді жаңадан ашылған орталық Жаңаөзен тұрғындарының сапалы әрі уақытылы медициналық көмек алуға мүмкіндік берді.

Сонымен қатар, Министр №2 қалалық емхананың жалпы практика дәрігерлерінің жұмысымен танысты. Онда цифрлы бағдарламалар аясында жасалған ақпараттық жүйенің жұмысы мен мобильді қосымшаның жұмысын көрді. Сондай-ақ, амбулаториялық карталарды қағазсыз жүргізу және диагностикалық зерттеулер деректерін қала тұрғындарының электрондық денсаулық паспорттарына енгізу жұмыстары жолға қойылғанын атап өтті.

«Егер бұрын дәрігерге бару үшін біз бір неше сағаттан жұмсайтын болсақ, бүгінде ол 15 минуттан аспайды. Біз алдыңғы қатарлы технологиялардың медициналық мекемелерге да жеткеніне қуаныштымыз. Мен әрдайым дәрігерлерге қаралуды кейінге қалдыратынмын, өйткені ол кезде кезекке тұрып шаршайтынбыз, қазір ондай мәселе жоқ» – деді Жаңаөзен қаласының тұрғыны Гаухар Огарова министрмен әңгіме барысында.

Емхананың медицина қызметкерлерімен шағын кездесуде денсаулық сақтау министрлігінің соңғы жаңалықтарына баса назар аударылды.

Елжан Біртанов барған келесі нысан қалалық аурухана болды. Онда қазір мұнай мекемелерінің демеушілігімен жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Жергілікті атқарушы органдар бұл жұмыстар 2020 жылдың алғашқы тоқсанында пайдалануға берілетінін жеткізді.

Сапар барысында Министр Қарақия ауданына қарасты Жетібайдағы селолық емхананы да назардан тыс қалдырмады. Ауылдық емхана болса да цифрландыру бойынша  түсіндірме жұмыстары жақсы жүргізілген. Жергілікті халық ұялы телефондағы қосымша арқылы дәрігерге жазылып, уақытын үнемдей алады.