БЖЗ салымдары 1 тамызда 8,57 трлн теңгені құрады

66
құрады
Фото: nasha.lv

Алматы. 22 тамыз. 7kun.kz – 2018 жылдың 1 тамызына қарай шарттардың барлық түрлері бойынша жеке зейнетақы шоттарының саны 10,22 млн бірлікті құрады. Олардың 95%-ы – міндетті зейнетақы жарналары, 4,5%-ы – міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары, ал 0,5%ы – ерікті зейнетақы жарналары есебінен ашылған шоттар, деп хабарлайды ҚР БЖЗҚ баспасөз қызметі.

Бұл ретте салымшылар мен алушылардың жеке зейнетақы шоттарындағы зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы 8,57 трлн теңгені құрады.  2018 жылдың 7 айында зейнетақы жарналары бойынша түсімдердің жалпы сомасы 478,83 млрд теңге болды. Салымшылар мен алушылардың зейнетақы шоттарына есептелген таза инвестициялық табыс сомасы жыл басынан бері 423,07 млрд теңгеге жетті. Бұл 2017 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 42%-ға жоғары. 2017 жылы инвестициялық табыс сомасы 297,06 млрд теңге болған еді.

2018 жылдың 1 тамызындағы жағдай бойынша зейнетақы активтерінің 47,48%-ы Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздарына, 18,49% – екінші деңгейдегі банктердің қаржы құралдарына (облигациялар, акциялар және эмитенттердің депозитарлық қолхаттары, депозиттер), 11,25% – шет мемлекеттердің мемлекеттік бағалы қағаздарына, 8,15% – квазимемлекеттік сектордың облигацияларына инвестицияланған. БЖЗҚ зейнетақы активтері есебінен сатып алынған осы және өзге де қаржы құралдары теңгеде (67,62%), АҚШ долларында (31,93%) және Ресей рублінде (0,35%) номинирленген.

Жыл басынан бері табыстылық 5,3%-ға жетті. Бұл кезеңде инфляция деңгейі 2,7% болды. Ал, жылдық тұрғыда алып қарасақ, Қордың зейнетақы активтерінің табыстылығы 2017 жылдың 1 тамызы мен 2018 жылдың 1 тамызы аралығында 8,9%-ды құрап отыр. Ал, бұл кезеңдегі инфляция деңгейі 5,9% болды.