НЬЮ-ЙОРК – Дүниежүзілік банк «басты миссиямыз – бір буын ауысқанша тақыр кедейлікті жеңіп, адамзатты ортақ игілікке бөлеу» дейді. Бұл міндеттер «Тұрақты даму мақсаттары» ретінде жалпыға ортақ негізде қабылданған. Алайда, Дүниежүзілік банктің Тұрақты даму мақсаттарына сәйкес стратегиясы жоқ, қазір олар Вашингтондағы саяси қожайындарын жарылқау үшін Уолл-Стритке бет бұрып отыр. Банк президенті Джим Юн Ким дұрыс жолды таңдауы керек, бұл үшін ол өміріндегі ірі жетістіктерінің бірін есіне түсіруі керек.

Ким екеуміз 2000-2005 жылдар аралығында әлемнің СПИД эпидемиясымен күресінің ауқымын кеңейту жолында бірлесе жұмыс істедік. Ким мен оның әріптесі, Гарвард университетінің ғалымы Пол Фармер басқаратын Health үкіметтік емес ұйымы Гаитидегі ВИЧ жұқтырған мыңға тарта кедей кісіні антиретровирустық (ARV) дәрі-дәрмекпен емдеп, олардың денсаулығын жақсартып, өмірге деген үмітін оятқан.

Ким мен Фармерге осыдан 18 жыл бұрын «Гаитидегі бұл шараның ауқымын кеңейтіп, аз ақшамен миллиондаған адамды қамти аласыздар, сол арқылы әлеуметтік тұрғыдан көп жетістікке жетесіздер» деген едім. СПИД-пен күрестің жаңа, көпжақты қаржыландыру механизмін ұсындым, АҚШ та қаржыландырудың жаңа әдісін қолдауға құлшыныс білдірді.

2001 жылдың басында БҰҰ Бас хатшысы Кофи Аннан СПИД, туберкулез, малярия дерттерімен күресетін Ғаламдық қор құрды. Ал 2003 жылы АҚШ президента Джордж Буш PEPFAR бағдарламасын жариялады. Гро Харлем Брундтланд басқаратын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жұмыс ауқымын кеңейту үшін Кимді қызметке алды. Ким тамаша іс ынтырды, оның ерен еңбегінің арқасында ARV препараттары миллиондаған адамға егілді, бұл талай адамның өмірін сақтап, талай тіршілікке нәр берді.

Бұл ұлы жетістіктен төрт түрлі сабақ алуға болады. Біріншіден, патенттелген дәріні өз құнымен ұсынған жеке сектор – өте маңызды әріптес. Фармацевтикалық компаниялар қайырымды іс қылып, бір жағынан бедел жинау үшін кедей елдерден табыс көруден бас тартты. Олар бағаны көтеруге мүмкіндік беретін патент құқығы миллиондаған кедей адам үшін өлім жазасымен тең болатынын түсінді.

Екіншіден, бұл шараға Билл Гейтс бастаған жеке филантроптар да ат салысты. Олар бұл іске басқалардың да жұмылуына мұрындық болды. Билл мен Мелинда Гейтстердің қоры Ғаламдық қорды да, ДСҰ-ны да, оның 2000-2001 жылдары мен басқарған Макроэкономика және денсаулық комиссиясын да қолдады (бұл комиссия СПИД және басқа да қауіпті дерттермен күресте донорлардың көмек қаржысын жинауға ерекше үлес қосты).

Үшіншіден, СПИД-пен күрес Уолл-стриттен алған несиенің емес, тікелей гранттардың есебінен қаржыландырылды. Кедей елдерде СПИД-пен күрес ерекше қаржылық инжинирингті қажет ететін, табыс түсіретін инвестиция ретінде қарастырылған жоқ. Ол филантроптар мен ауқатты елдердің адам өмірін сақтап, кедей, өлімші халіндегі жандарды емдейтін қоғамдық игілік болып саналды.

Төртіншіден, шараны бастан-аяқ қоғамдық денсаулық сақтау саласы мамандары басқарды, ал Ким мен Фармер оларға кәсіби және қайырым тұрғысынан үлгі бола білді. Әлемдік қор жемқор министрлердің қалтасын толтырып, мұнай концессиясын, қару-жарақ саудасын қаржыландырумен айналыспайды. Әлемдік қор қоғамдық денсаулық сақтауда қатаң техникалық стандарттарға бағынады әрі көмек алушы елдердің есептілігін қамтамасыз етеді, олар қызмет көрсету барысында транспаренттілік және қосымша қаржыландыру талаптарын орындауы керек.

Дүниежүзілік банк өз миссиясына қайтып оралуы керек. Тұрақты даму мақсаттары басқа міндеттермен қоса «шектен шыққан кедейлік пен аштықтан құтыламыз, 2030 жылға қарай жалпыға ортақ денсаулық сақтау, бастауыш және орта білім стандарттарына қол жеткіземіз» деп отыр. Дегенмен, бұл мақсаттарға қарай баяу жылжығаннан басқа банк тұрақты даму мақсаттарына 2030 жылға дейін қол жеткізудің нақты стратегиясын жасамай отыр. Банк Тұрақты даму мақсаттарын ойлаудың орнына, қарекетсіз отыр, тіпті кейбір басшылары билік дәліздерінде ол туралы жағымсыз пікір айтқан.

Бәлкім, АҚШ президенті Дональд Трамп өз үкіметінің Тұрақты даму мақсаттарын орындауда мойнына міндеттеме алғанын қаламайтын шығар. Бірақ, Кимнің жұмысы – оған және АҚШ конгресіне мойнындағы міндеттері туралы ескерту және республикалық партия атынан сайланған президент Джордж Буштың СПИД-пен күресті креативті әрі сәтті жүргізгенін естеріне салу.

Уолл-стрит қалпына келетін ірі энергетикалық жобаларды, қоғамдық көлік, тас жол және басқа да баж төлемі мен қолданушылар ақысының арқасында қайтарымы болатын инфрақұрылым жобаларын құрылымдауға көмектесін шығар. Дүниежүзілік банк пен Уолл-стрит әріптестігі бұл жобалардың табиғатты қорғау тұрғысынан қауіпсіз әрі халық үшін әділ болатынына кепілдік алуға жәрдемдеседі. Мұның барлығы елдің игілігі үшін жақсы.

Дегенмен, табыс табу, не тым болмаса шығынның орнын жабу мақсатында қолға алынған мұндай жобалар шектен тыс кедейлікті жоюға мүлде көмектесе алмайды. Кедей елдер денсаулық, білім сияқты басты салалардағы қажеттіліктердің орнын толтыру үшін несиеге емес, грантқа мұқтаж. Кедей елдерді одан сайын қарызға батыратын әдістерді қолданғанның орнына Ким СПИД-пен сәтті күрескен денсаулық саласындағы реформатор тәжірибесіне сүйенуі керек. Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуге жәрдемдестін гранттық қаржы жинау үшін Дүниежүзілік банктен нақты ұстаным мен батыл қадамдар қажет болады.

Кедейлердің денсаулығын жақсарту үшін қоғамдық денсаулық сақтау қызметкерлерін дайындау, диагноз қою, дәрі-дәрмек және ақпараттық технологияларды жұмылдыру қажет. Кедейлерді оқыту үшін білікті мұғалімдер, қауіпсіз әрі заманауи сыныптар, басқа мектептермен байланыс және онлайн білім беру бағдарламалары керек. Тек айқын стратегия, гранттық қаржыландыру және нақты жеткізу механизмдері болғанда ғана Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуге болады. Дүниежүзілік банк донорлар мен мұқтаж елдердің үкіметтері бұл бағдарламамен жұмыс істеуі үшін өз тәжірибесін қолдануы тиіс. Мұны қалай жүзеге асыруға болатынын Ким өз тәжірибесінен біледі.

Трамп пен басқа да әлемдік лидерлер Тұрақты даму мақсаттарының орындалуы үшін жауапты. Байлығы бұрын-соңды болмаған деңгейге жеткен бақуатты адамдар да жауапты. Салықты азайтып, арнайы салық жеңілдіктерін бергеннің, орталық банктерден жеңіл несие алудың және технология дамуының арқасында өте бай адамдар жыл сайын ерекше табысқа кенеліп, ал біліксіз жұмысшылардың жалақысы азайып жатыр.  Тіпті қор нарығындағы соңғы тербелістерді ескерген күннің өзінде әлемнің 2 мыңнан астам миллиардерінің 10 триллион доллар байлығы бар. Үкіметтер де өз үлестерін қоса алса, бұл – кедейлікті жоюда қосымша шараларды қолға алу үшін жеткілікті қаржы.

Уолл-Стритке, Давосқа және әлемдік байлықтың басқа да орталықтарына барғанда Дүниежүзілік банк миллиардерлерді Тұрақты даму мақсаттарына жету үшін байлығының бір бөлігін филантропияға салуға ынталандыруы керек. Билл Гейтс осылай жасап жатыр, бұл қоғамның саулығына өлшеусіз үлес қосуда. Білім, қалпына келетін энергия, таза ауыз су және санитария, тұрақты ауыл шаруашылығы сияқты салаларда тұрақты даму мақсаттарына қол жеткіуге жол бастар миллиардерлер бар ма? Тұрақты даму мақсаттары бойынша нақты жоспар жасаған соң Дүниежүзілік банк өзінің негізгі, тарихи және өмірлік маңызы бар миссиясын орындау жолында әріптестер таба алады.

Автор туралы: Джефри Сакс – тұрақты даму, денсаулық сақтау саясаты және менеджменті профессоры, Колумбия университеті Жер институтының директоры. Ол, сондай-ақ, Біріккен ұлттар ұйымы Тұрақты даму шешімдері желісінің директоры.

Copyright: Project Syndicate, 2018. www.project-syndicate.org