«Даму» қоры мен Астана әкімдігі 27 бизнес-жоспарды қаржыландырды

Фото: kyzylorda.gov.kz

2016 жылдың 28 наурызындағы жағдай бойынша «Astana-ZhasStarT» 338,8 млн теңгенің 27 жобасын қаржыландырды. Бұл туралы «Даму» қорының өңірлік филиалының директоры Исламбек Қайырбеков Стратегия-2050 сайтына берген сұхбатында айтты.

«Қалалық әкімдікпен ынтымақтастық тиімді жалғасып жатыр. Себебі өткен жылы Астанада екі өңірлік бағдарлама іске қосылды: Astana-ZhasStarT және өңірлік қаржыландыру бағдарламасы. Бағдарламаны жүзеге асыру үшін «Даму» қоры 1 млрд теңге қалалық әкімдік 500 млн теңге бөлді»,  — деді ол.

Айта кетейік, қазіргі кезде елордада шағын және орта бизнеске қосымша қолдау көрсету және дамыту мақсатында «Даму» қорымен бірлесіп 29 жасқа дейінгі тұлғалар қатыса алатын жастар кәсіпкерлігін дамыту бағдарламасы мен сауда саласын мақсатты несиелеу бойынша бағдарламалар жүзеге асырылуда. Аталған бағдарламалар бойынша қаржыны игеру 100% құрады, оларды жүзеге асыру жұмыстары одан әрі жалғасады.

Несиенің ең көп сомасы –50 млн. теңгеге дейін. Сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 7,9%, несие мерзімі – 7 жылға дейін. Жобаларды іріктеуді өңірлік Кәсіпкерлер палатасы жүзеге асырады.

Исламбек Қайырбековтың айтуынша, аталмыш бағдарлама экономиканың әр саласындағы жобаларды жүзеге асыра алады. 2016 жылдың 28 наурызындағы жағдай бойынша «Astana-ZhasStarT» 338,8 млн теңгенің 27 жобасын қаржыландырды.