Delta Bank салымшыларына өтем төлеу мерзімі ұзартылды

13
Delta Bank
Фото: 2gis.kz

Алматы. 22 қараша. 7kun.kz — «Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» АҚ «Delta Bank» АҚ салымшыларына өтем төлейтін «БанкЦентрКредит» АҚ агент банкімен келісімнің қолданылу мерзімін жарты жылға ұзарту туралы шешім қабылдады. Бұл туралы Қордың баспасөз қызметі хабарлады.

Ақпаратқа сәйкес, «Delta Bank» АҚ салымшылары агент-банкке 2020 жылдың 21 мамырына дейін кепілдік берілген өтемді алу үшін жүгіне алады.

Бұл ретте, ҚДКБҚ осы жылы агент банкпен келісімді ұзартқан.

«Delta Bank» АҚ-ң тарату комиссиясы және ҚДКБҚ колл-орталығы өтем алуға құқығы бар барлық салымшыларға қоңырау шалып өтем алуға шақырды. Жалпы тізімдегі 528 адамға ғана қоңырау шалынды, қалған салымшыларда байланыс нөмірлері туралы ақпарат ескірген немесе ақпарат жоқ. Қазіргі уақытта ҚДКБҚ «Delta Bank» АҚ салымшыларының деректер базасын өзектендіруді жүргізеді, одан кейін қайта қоңырау шалу жүргізілетін болады. ҚДКБҚ жүгінген салымшыларға кепілдік берілген өтем сомасына төлем үлесін ұлғайтуға ниетті», — делінген хабарламада.

Агент банк арқылы «Delta Bank» АҚ салымшыларына кепілдік берілген өтемді төлеу 2018 жылдың 17 мамырынан бастап жүргізіледі. Осы кезең ішінде салымшыларға жалпы сомасы 90,1 миллион теңгеге өтем төленді, бұл ҚДКБҚ міндеттемелері жалпы сомасының 45% құрайды. 269 салымшы өтем алып үлгерді, бұл салымшылар жалпы санының 10%-ын құрайды.

Еске сала кетейік, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2017 жылғы 2 қарашадағы № 194 қаулысы негізінде «Delta Bank» АҚ барлық банктік операцияларды жүргізуге лицензиясынан айырылды. Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының банктің қызметін мәжбүрлеп тоқтату (тарату) туралы шешімі 2018 жылғы 25 сәуірде заңды күшіне енді.