Депозит ашқанда нені ескеру қажет?

1446
Депозит бойынша сақтандыру сомасы өзгеруі мүмкін

Депозит — әрбір адам үшін қол жетімді инвестициялық құрал және банк ісі мен қаржы әлемінен бейхабар жандар үшін жиған-тергенін еселеудің ең қауіпсіз жолы. Іс жүзінде инвестициялардың барлық түрлерінің ішінде банк салымдары ең аз табыс әкеледі, бірақ қаражатты қайтару тұрғысынан қарағанда депозит сенімді құрал және банк банкрот болған жағдайда депозиттерге мемлекет тарапынан кепілдік берілетінін ескерген жөн. Депозит ашқанда нені ескеру қажет екендігі туралы, осы жолдағы маңызды факторларды 7kun.kz назарларыңызға ұсынады.

Депозиттерге кепілдік беру

Егер сіз жоспарлап отырған салымыңыз 10 млн теңгеден аспаса, сіздің қаражатыңызға төнер қауіп барынша аз, себебі осы сомаға дейінгі салымдар Депозиттерге кепілдік беру қорымен толықтай сақтандырылған. Ал Қазақстандағы 38 коммерциялық банктің 37-сі (Ислам банкінен басқасы) — депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесінің қатысушылары.

Айта кетерлік жайт, 10 млн теңгелік кепілдік тек теңгедегі депозиттерге беріледі. Ал өзге валютадағы депозиттер бойынша өтем мөлшері 5 млн теңге деңгейінде. Депозит ашқанда осыны ескеріңіз.

Банк таңдау

Бастысы сіз таңдаған банк депозиттерге кепілдік беру жүйесінің қатысушысы болуы керек.

Және де сенімді банкті таңдау қажет. Сенімділік белгілері: банктің тарихы, рейтингі, шетелдік ірі қаржы топтарының құрамында болуы, және қосымша белгілері: қызметкерлер құрамының сапасы, бөлімшелердің ыңғайлылығы мен орналасуы.

Келешектегі табыс мөлшерін басты назарға алып банк таңдау ең дұрыс жол деп айту қиын. Егер банктің жарнамасы депозиттер бойынша пайызды бәсекелестерінен жоғары қойып отырса, бұл аталған қаржы мекемесінде ресурстармен бір проблемалар бар екенін білдіреді. Абай болыңыздар!

Валюта таңдау және инфляция

Қазақстанда депозитті ұлттық валютада, АҚШ долларында немесе еурода ашуға болады. Ескеретін жайт, валютадағы салымдар бойынша пайыз мөлшерлемесі теңгедегі депозиттердікінен төмен болады.

Сондай-ақ мультивалюталық (екі немесе үш валютада) депозит ашуға болады. Мұндай салым валюта бағамдары тұрақсыз болып тұрғанда жақсы және бір валютадағы салымды жауып, жаңасын басқа валютада ашқанда шығынды азайтуға мүмкіндік береді.

Валютаны таңдаған кезде инфляцияны ескеріңіз. Сыйақының пайыздық мөлшерлемесі инфляцияға шаққандағы сіздің қаражатыңыздың сатып алатын қабілетін сақтап қалуы тиіс. Мысалы, Қазақстандағы ресми инфляция жыл сайын 6-8% қамтиды, сәйкесінше сіздің салымыңыздың мөлшерлемесі бұдан жоғары болуы тиіс, сонда сіздің жинақ ақшаңыз сақталып қана қоймай, біршама өсетіні анық.

Депозиттің түрлері

Әр банкте депозиттік салымдардың атауы әр түрлі. Солар негізінен басты үш түрге жіктеледі:

  • қаражат толықтырылмайтын және алынбайтын депозит;
  • толықтырылатын депозит;
  • қаражатты толықтыруға және алуға мүмкіндік беретін депозит.

Қаражат толықтырылмайтын және алынбайтын депозит немесе мерзімді депозит: мұнда шот белгілі бір мерзімге ашылады. Депозитті ресімдеуге болатын минимал мерзім — 30 күн, ал ең көп мерзім бірнеше жыл болуы мүмкін.

Толықтырылатын депозиттер немесе жинақтаушы салымдар шотқа қосымша қаражатты салып отыруға мүмкіндік береді. Мұндай депозиттердің мерзімі әдетте кемінде 6 ай болады. Пайыздар шоттағы нақты сомаға байланысты күн сайын есептеліп отырады да шоттың минимал әрекет ету мерзімі аяқталғаннан кейін шотқа аударылады.

Қаражатты толықтыруға және алуға мүмкіндік беретін депозиттер салымшыға шоттағы қаражатты кез келген уақытта толықытырып, қажет кезінде шешіп алуға мүмкіндік береді.

Кейбір салымдар бойынша мерзімді ұзарту мүмкіндігі қарастырылған, яғни салым мерзімі аяқталғаннан кейін оны одан әрі шарттарын сол күйінде қалдырып немесе өзгертіп, ұлғайтуға болады.

Пайыздардың есептелуі

Депозиттердегі пайыздық мөлшерлемелер әдеттегі жылдық пайыздарға есептелінеді. Мұнда пайыздарды капиталдандыру секілді ұғымға назар аударған жөн. Бұл жағдайда салым сомасына салым бойынша аралық табысты қоса есептеледі.

Мұнда салым бойынша есептелінген пайыздардан қосымша депозиттік пайданы табуға мүмкіндік туындайды. Капиталдандыруы бар салым бойынша пайыздар күн сайын, ай сайын, тоқсан сайын немесе жыл сайын есептелуі мүмкін және бұның бәрі шартта қарастырылады.

Салым бойынша табыс қалай есептеледі

Депозит бойынша табысты есептеу үшін орналастыру мерзімін, салым сомасын және пайыздық мөлшерлемені ескеру қажет. Егер сіз 3 айға депозит ашып, банк сізге 10%-ды уәде етсе, бұл табыс салымның 10%-ын құрайды деген сөз емес.

Алынған пайыздардың көлемі ақша банкте нақты болған күндердің санынан тәуелді. Біздің мысалымызда салымшы үш айдың ішінде алатын пайызы: 10%/(12/3)=2,5%.

Сондай-ақ депозит шартын ресімдеу кезінде мұқият болыңыз. Жеке мәліметтеріңізді қатесіз толтырыңыз.

Жалпы банктегі кеңесшілерден өзіңізді қызытырған барлық мәселелер мен нюанстарды сұрастырып алыңыз. Депозитті ашамын десеңіз, бұған бар жауапкершілікпен қарағаныңыз абзал.

Дайындаған Алмас Өтебай «7»