Әділхан Ержановтың «Түн құдайы» фильмі Үндістанда өтетін фестивальде бақ сынамақ

«Түн құдайы»
Фото: kazakhfilmstudios.kz

Алматы. 21 ақпан. 7kun.kz – ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ түсірген «Түн құдайы» фильмі Bengaluru International Film Festival кинофестивалінің «Asian  Cinema Competition»  атты конкурстық бағдарламасына қатысады.

Аталған кинофестиваль ақпанның 21-і мен 28-і аралығында Үндістанның Карнатака штатындағы Бангалор қаласында өтеді. 

«Біздің фильм мифологиялық негізде заманауи әлемді абстракты сюжет ретінде ұсынады. Ежелгі  дүниетанымды қазіргі — логикалық көзқараспен ауыстырсақ не болар екен деген фантазиялық ойдан туған туынды. Сондықтан да маған осы тұрғыдан көрсетуге қызық болып көрінді. Фестивальдің басталғанын асыға күтіп жүрмін, менің ойымша бағдарламасы қызы болатын секілді, — деді режиссер Әділхан Ержанов.   

Естеріңізге сала кетсек, «Түн құдайы» фильмі 40-шы Мәскеу халықаралық кинофестивалінің негізгі конкурсы шеңберінде көрсетілген болатын. Сондай-ақ аталған кинотуынды Парижде өткен  L’Etrange Festival және Ресейдегі «Край света» кинофестивальдерінде көрсетілді. Одан бөлек, «Түн құдайы» фильмі Индонезияда өткен Jogja кинофестивалінің «Азиялық фильмдер» байқауына және  14-ші Ш.Айманов атындағы халықаралық кинофестиваліне қатысты. 

Bengaluru International Film Festival кинофестивалінде азиялық және үнді фильмдерге арналған екі конкурстық бағдарламалар бар. Сонымен қатар, фестиваль шеңберінде конкурстан тыс «Әлемдік панорама» бағдарламасы, сондай-ақ, ФИПРЕССИ және НЕТПАК қазылар алқасы жұмыс істейді. Биыл фестиваль шеңберінде Ингмар Бергманның ретроспективасы (мэтрдың 100 жылдығына орай) және Махатма Гандидің өмірі туралы баяндайтын (үнді саяси және қоғам қайраткерінің 150 жылдығына орай) фильмдердің ретроспективасы ұйымдастырылған.