ЕЭК полиграфиялық өнімдерге кедендік баж салығының мөлшерлемесін азайтады

Еуразиялық экономикалық комиссия полиграфиялық өнім өндірісінде қолданылатын кейбір қағаздар мен өрнектеуге арналған фольгалар үшін кедендік баж салығының мөлшерлемесін азайту туралы шешім қабылдады. Бұл туралы ЕЭК баспасөз қызметінен хабарланды.

«2017 жылдың тамыз айының соңында жылтыр қағаздар үшін  баж салығы кедендік бағадан 10-15%-дан 5%-ға, өрнектеуге арналған фольгалар үшін 5%-дан 0%-ға дейін төмендейді. Ал күтізбе мен офсеттік қағаздарға салық көлемі  7,5%-дан 5%-ға азаяды», – деді ЕЭК-тың сауда жөніндегі министрі Вероника Никишина.

Оның айтуынша, баж салығын төмендету туралы шешім Еуразиялық экономикалық одақ елдеріндегі полиграфиялық өнім өндірушілерді қолдауға бағытталған.

«Салық мөлшерлемесінің азаюы өнімнің өзіндік құнын төмендетуге және ЕАЭО елдеріндегі бәсекелестіктің артуына мүмкіндік береді», — деді ол.

Салықты төмендету туралы шешім ресми жарияланған соң 30 күннен кейін өз күшіне енеді.

Фото:kapital.kz