Биыл егін науқаны кезінде дизель отынының құны 108 теңгені құрайды

Астана. 27 ақпан. 7kun.kz — Көктемгі егін жұмыстары үшін Қазақстан аграрийлеріне берілетін дизель отынының арзандатылған бағасы 108 теңгені құрайды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 20%-ға жоғары, деп хабарлайды forbes.kz.

«ҚазМұнайГаз Өнімдері» ЖШС-ның қаңтар айындағы жанар-жағармай нарығына жасаған болжамы бойынша дизель отынының бағасы өткен жылдың күзіндегі бағаға сәйкес болады. Жанармай бекеттеріндегі солярканың қазіргі бағасы — 128-131 теңге.

Дегенмен компанияның мәліметінше, егістік жұмыстары басталған кезде баға өзгерісі міндетті түрде болады. Мамандардың түсіндіруінше, бұл 2016 жылдың 30 қыркүйегіндегі ҚР Үкіметінің дизель отыны мен бензин акциздеріне қатысты бекіткен ережесіне байланысты.

«2017 жылдың 1 сәуірінен бастап  дизель отынын сату бойынша акциз ставкасы тоннасына 9 300 теңгені құрайды. Көтерме бағаның  жоғарылауы акциз құнынының қымбаттау есебінен 7,3 теңгені құрайды, бұл жанармай бекеттеріндегі дизель отынының бағасына әер етеді», — делінген «ҚазМұнайГаз» болжамында.

Ал 24 ақпан күні  Ауыл шаруашылығы министрлігі өңірлерге 2017 жылғы көктемгі-егіс жұмыстарына дизель отынын жеткізу туралы Энергетика министрлігі бекіткен  кестені жіберген.

«2017 жылы көктемгі егіс жұмыстары үшін аграрийлерге жеткізілетін дизель отынының бағасы наурыз айында шамамен тоннасына 127 000 теңгені құрайды. ҚҚС қоса есептеледі», — делінген министрлік хатында.