Екібастұз электр станциясы тарифін төмендетті

Екібастұз электр станциясы тарифін төмендетті

«Екібастұз ГРЭС-2 станциясы» АҚ 2015 жылдың ақпан айынан бастап тарифті  8,8 теңге кВт/сағаттан 8,65 теңге кВт/сағатқа азайтты. Бұл қосымша құн салығы есебінсіз алғанда. Арзандау жөнінде мәліметті станцияның баспасөз-хатшысы Үмітқан Сағитова хабарлады.

Бағаны арзандату туралы шешім электр энергиясы көтерме нарығында өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін қабылданды.

Ү. Сағитованың сөзіне сүйенсек, екі энергоблоктың жыл сайынғы жөндеу жұмыстарының сапалы жасалуының арқасында станция штаттық режимде бірқалыпты жұмыс жасап тұр.

Қазіргі таңда кезекті жөндеу жұмыстары мен 2015 жылдың профилактикалық жұмыстарына дайындық қызу жүргізілуде.

Станцияның техникалық жағдайын жақсартуға бағытталған бағдарлама жабдықтарды жаңартып отыруға, модернизациялауға және жаңа технологияларды орнатуға мүмкіндік беріп отыр.