Елбасы «Самұрық-Қазына» мен Үкіметке қорды жекешелендірудің кешенді жоспарын қайта қарауды тапсырды

104

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының жекешелендіру және әртараптандыру бағдарламасы қайта қаралады. Сондай-ақ, Қор бірнеше компанияны сатуға шығарып, кейбіреуін қайта құрмақ. Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорын басқару жөніндегі кеңес отырысында белгілі болды. 

Айта кетейік, Қордың жекешелендіру жөніндегі кешенді жоспары  167 активтен тұрады. Оның ішінде, 1 актив «ҚазАтомӨнеркәсіп» компаниясының 218 млрд теңгеге тең 18 пайыз акциясы. Басқа 84 актив 172 млрд теңгеге сатылған, 53 актив жойылған немесе қайта құрылған. 

 «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының компанияларын жекешелендіру жөнінде пікір білдірген Нұрсұлтан Назарбаев «әлемдік дағдарыс кезінде баға құбылмалы болғандықтан жекешелендіру бойынша бұған дейін қабылданған жоспарларды қайта бейімдеп, түзету қажет» екенін атап өтті. Бұған дейін «ҚазАтомӨнеркәсіп» ұлттық компаниясының 25% акциясы жекешеленген еді. Басқа да компанияларды жекелешендірудің артықшылығына тоқталған Елбасы «Қазпоштаны» стратегиялық инвесторға тікелей атаулы сатқан, ал «Самұрық-Энерго» компаниясын жекешелендіруді мемлекет пайдасына шешу керек деді. Айта кетейік, бұл компаниялар «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының еншілес кәсіпорындары. 

Өз кезегінде, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Ахметжан Есімов осы және өзге де компаниялар қалай сатылып, қалай жекешелендірілетінін хабарлады. 

«Жекешелендіруге шығатын компаниялардың бірі — «Қазпошта» ұлттық операторы. Осы жылдардың ішінде Қор компанияға 28 млрд теңге инвестиция салынған. Шалғай аудандарда  8 млрд теңге шығын бар. Жыл сайын республикалық бюджеттен 4,2 млрд теңге субсидия беріледі»,- деді Ахметжан Есімов Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен Қорды басқару жөніндегі кеңесте.


Акциясы сатылымға түсіп отырған тағы бір компания — «Қазақтелеком» ұлттық операторы. Самұрық-Қазына бұл компанияның  50 пайыз акциясына ие.  Компания қазіргі реалияда стратегиялық актив саналады. Алдын ала уағдаластық бойынша, бұл компанияның 10 пайызын «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» сатып алмақ.

 «Осы орайда ол (Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры — авт) «Қазақтелеком» компаниясының 10 пайыз акциясын сатуда басымдық көріп отыр.  Бірақ, сату әдісін өзгертудің қажеті жоқ. Компанияның биржада орналастыру дайындығы өте жоғары. Акция құнының өсімі «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының» табысын арттырады», — деді Ахметжан Есімов. 

«Самұрық-Қазына» қорын басқаруды жөнінде айтылған ең маңызды мәселелердің бірі мұнай операторы «ҚазМұнайГаз» компаниясын қайта құру мәселесі. Елбасының тапсырмасымен, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры «ҚазМұнайГаздың» құрамындағы «ҚазТрансГаз» бен «ҚазТрансОйл» компанияларын қордың еншілес компаниялары ретінде бөлу жолымен қайта құрады. 

«Бұл «ҚазМұнайГаздың» басты жұмысына – мұнайды барлау, қазу және қайта өңдеуге көңіл бөлуге мүмкіндік береді. Ал көліктік компаниялар транспорттық маршрутты әртараптандыруға жағдай жасайды. Қордың басшылығына осы мәселені тез арада қарап, шешім қабылдауға тапсырма беремін», — деді бұл мәселеге қатысты Ахметжан Есімовті тыңдаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. 

Айта кетейік, «Самұрық-Қазына» әлемдік тәжірибеге сүйене отырып жасалған қор. Оның негізгі мақсаты – ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыру және ұлттық компаниялар активтерінің бағасын өсіру. Нұрсұлтан Назарбаев пен Ахметжан Есімов атап өткендей, қазір Қор өзінің осы миссиясын орындап отыр. Ал, кеңесте айтылған жекешелендіру саясаты бұл бағыттағы жұмыстарды жетілдіреді. 

Сөз соңында, Нұрсұлтан Назарбаев Қорға Үкіметпен бірлесіп, жекешелендірудің кешенді жоспарын, сондай-ақ, «Самұрық-Қазынаны» әртараптандыру бағдарламасын қайта қарауды тапсырды. Жалпы, Нұр-Сұлтан Назарбаев «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорындағы жекешелендіру шаралары мемлекет үшін де, Қор үшін де, ең бастысы, халықтың әл-ауқатын жақсарту үшін де өте тиімді шарттар негізінде жүзеге асуы керек. Өз кезегінде, Қор төрағасы тиісті тапсырмалардың орындалуы оның жеке бақылауында болатынын жеткізді.