Елорда күніне жұмсалатын шығындар үш есеге қысқартылды

28
көшудің
Фото: kompastour.kz

Алматы. 28 маусым. 7kun.kz — «Астана күні» мерекесін тойлауға жұмсалатын қаражат көлемі 3 есеге қысқартылды. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орыбасары Ерлан Каналимов мәлімдеді.

Оның айтуынша, мерекені қарапайым өткізу туралы шешім қабылданған.

«Есеп бойынша ол 300-400 млн теңгеден аспайды. Бұл бұған дейінгі сомадан әлдеқайда аз. Біз бюджетті үш есеге қысқарттық. Сомаға тек мәдени шаралар ғана емес, нысандарды абаттандыру, қауіпсіздік, сахналық, техникалық құрал — жабдықтарды орнату кіреді», — деді қала әкімінің орынбасары.

Сондай-ақ, Каналимов Елорда күнін мерекелеу аясында 100-ге жуық шара өткізілетінін, оның 73-і тегін екендігін атап өтті.

«Айта кету керек, жыл сайын 300-ден астам шара өткізілді. Алайда, биылғы жылы қазақстандық және ресейлік эстрада жұлдыздарының қатысуымен өтетін — Open Air, ашық аспан астындағы гала-концерт, 6 шілдеде болатын елорданың басты алаңдарындағы жаппай халықтық серуен және басқа да қымбат шаралары тоқтатылады», — деп түсіндірді Каналимов.

Биыл іс-шараларды өткізудің негізгі орны қаланың шеткі бөлігіндегі сегіз тұрғын үй алабы, саябақтар, скверлер, бульварлар, Есіл өзенінің жағалауы болады.