Елордалық жұмыс берушілерге 27 млн теңге өсімпұл салынды

54
жұмыс
Фото: punnagai.com

Алматы. 8 қараша. 7kun.kz – Астаналықтардың қорға аударған жарналарының жалпы сомасы 14,3 млрд теңгені құрайды, — деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Астаналық жұмыс берушілерге Медициналық сақтандыру қорына салымдарды уақытында аудармағаны үшін 27,1 млн теңге өсімпұл салынды. Бұл сома қор іске қосылған уақыттан бері, яғни 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап есептелді. Бүгінгі таңда жұмыс берушілер өз жұмыскерлері үшін жалақы қорынан 1,5 % көлемінде аударымдарды төлеуді жалғастырып келеді. Аталған мөлшерлеме көлемі 2020 жылға дейін сақталады.

Медициналық сақтандыру қоры Астана қаласы бойынша филиалының ди⁠ректоры Н. Қабдықапаровтың айтуынша, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға салым уақытылы төленбесе, Ұлттық банктің қайта қаржыландыруының ресми мөлшерлемесінен 1,25 есеге артық өсімпұл салынады.

Астана қаласы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына аударылатын міндетті төлемдердің сомасы бойынша Алматы қаласы және Қарағанды облысымен қатар көш бастап тұр.

Жалпы республика бойынша Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына 113,8 млрд теңге түсті, бұл соманың 92,4%-і жұмыс берушілерге тиесілі. Жеке кәсіпкерлер мен азаматтық-құқықтық келісімшарт бойынша жұмыс істейтіндер қорға 8,6 млрд теңге аударған. Міндетті медициналық сақтандырудың жинақталған қаржысы Ұлттық банкте сақталады. Ұлттық банк пен қор арасында сенімгерлік басқару туралы келісім бекітілген. 2020 жылдан бастап бұл қаражат МӘМС пакеті шеңберіндегі қызметтер ақысын төлеуге жұмсалады.

Осы уақытқа дейін «ӘМСҚ» КЕАҚ тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде медициналық қызметтердің ақысын төлейтін қаржы операторы міндетін атқарады.