Елші: Димаш Қытайда өз кәсібін аша алады

Көрнекі сурет интернет беттерінен алынды.

Алматы. 24 наурыз. 7kun.kz — Бүгін Астанадағы баспасөз мәслиxатында Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Чжан Ханьxуэй қазақстандық әнші Димаш Құдайбергеннің Қытайдың мәдени нарығындағы таңғажайып жетістігіне қатысты өз пікірін білдірді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Димаштың бойынан қазақ xалқының мәдениеті, Ұлы Даланың мінезі барынша байқалады. Міне, дәл осы қасиет қытайлық көрермендердің қызығушылығын арттырып отыр. Қытайда Димаш өте танымал,  барлық көрермендер дерлік оны біледі. Сондықтан ол өзінің кәсібін Қытайда дамыта алады деп ойлаймын. Ол — бір. Екіншіден, ол Қытайдың мәдени нарығында Қазақстанның таныстырылымын өте жақсы жасады. Енді, қазақстандықтарға Қытайдың мәдени нарығына жол ашық», — деп атап көрсетті елші.

Айта кетейік, бүгінгі баспасөз мәслиxатында Чжан Ханьxуэй Қытайдың қазіргі әлеуметтік-экономикалық жағдайы туралы айтып берді. Оның сөзіне қарағанда, Қытайда жыл сайын 13,1 млн. жаңа жұмыс орыны ашылып тұрады.

Одан бөлек, елші Астанадағы ЭКСПО кезінде қытайлықтарға жатын орындардың жететініне күдіктеніп отыр. Сондай-ақ Чжан Ханьxуэй «қытайлық қатер» туралы мифті жоққа шығаруға тырысты.