Елші: Жапония Қазақстанға көрсететін қаржылай көмекті қысқартады

vecher.kz

Алматы. 27 ақпан. 7kun.kz — Қазақстан 1993 жылдан бастап Жапониядан кредит, грант, техникалық көмек түрінде 1 млрд доллардан астам көмек алған. Бұл туралы бүгін Жапонияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Итиро Кавабата мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«1993 жылдан бері біз несие, грант және техникалық көмек түрінде жәрдем беріп келеміз. 2016 жылдың соңында Жапонияның Қазақстанға ресми көмегінің жалпы көлемі 1 млрд. 150 млн. доллардан асты. Оның ішінде «Шөп тамыры» жобасы аясында көрсетілген 5 млн. 769 мың доллар да бар», деді ол Қазақстаның әлеуметтік жобаларына арналған гранттық келісімшартқа қол қою барысында. Сонымен қатар, елші Жапонияның алдағы уақытта да Қазақстанға көмек көрсете беретіндігін баса айтты.

«Әрине, біз «Шөп тамыры» жобасы аясында көмек көрсетуімізді жалғастыра береміз. Дегенмен, Қазақстанның мәртебесі жылдан жылға жақсарып келеді. Егер бұрын Қазақстан реципиент болса, қазір донорға айналды. Сіздер өздеріңіз қазір басқа елдерге көмектесесіздер. Сондықтан біздің Қазақстанға қатысты көмегіміздің аясы шектеле түседі. Қазір бізде «Шөп тамыры» бағдарламасы ғана қалып отыр», — деді Кавабата.

Айта кетейік, бүгін Қазақстанның 6 білім және медицина мекемесі Жапония үкіметінің «Шөп тамыры» бағдарламасы аясында 261942 мың доллар көлемінде қайтарымсыз көмек алуға гранттық келісімшартқа отырған болатын.