Ердоған: Қазақстандағы оқиғаларды мұқият бақылап отырмын

Түркия. 30 қыркүйек. 7kun.kz – Қазақстандағы тұрақтылық бүкіл аймақ үшін маңызды. Бұл туралы Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған мәжіліс спикері Ерлан Қошановпен кездесуінде айтты, деп хабарлайды 7kun.kz.

Мәжілістің баспасөз қызметінің мәліметінше, Ерлан Қошанов Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен IV Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының салтанатты ашылу рәсіміне қатысты.

«Жыл өткен сайын біздің мемлекеттеріміз арасындағы ынтымақтастық артып келе жатыр. Бұл өзіңіздің Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен достық қарым-қатынасыңыз бен жемісті диалогтың нәтижесі деп білемін. Осы орайда Сіздің осы жылғы қазан айына жоспарланған Қазақстанға сапарыңызды асыға күтіп отырмыз. Бұл сапар бауырлас елдеріміздің арасындағы тығыз қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеріп, одан әрі нығаюына зор мүмкіндік туғызатынына сенімдіміз», – деді Ерлан Қошанов Ердоғанға.

Ал Түркия президенті Қазақстанның түркі әлемі мен Түркі мемлекеттері ұйымындағы маңызды рөлін атап өтіп, мәжіліс спикеріне IV Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылуына қатысқаны үшін ризашылығын білдірді.

«Қазақстандағы тұрақтылық бүкіл өңір үшін маңызды. Бұл орайда президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жүргізіп жатқан реформалары мен кезектен тыс президенттік сайлау өткізу жөніндегі бастамасын қолдаймын. Қазақстандағы оқиғаларды ерекше бақылап отырмын. Жалпы, Қазақстан мен Түркия арасындағы екіжақты қатынастар жоғары деңгейде дамып келеді. Осы орайда парламентаралық ынтымақтастықтың маңыздылығы зор», – деді Ердоған.

Мәжіліс төрағасы Қазақстанның кезекті V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізуге өтініш білдіргенін айтып, түркі жұртшылығы бұл ұсынысты қолдайтынына сенім білдірді. Мәжіліс спикері Түркияның экс-премьер-министрі Бинали Йылдырыммен де кездесті.

Айта кетейік, Көшпенділер ойындарына әлемнің 102 елінен 3 мыңнан астам спортшы қатысып жатыр. Қазақстанның атынан 50 спортшы сайыстың бес түрінен бақ сынасады. Олар – көкпар, қазақ күресі, дәстүрлі садақ ату, жамбы ату, көк бөрі.