Facebook пен Apple-ге жұмысқа тұру үшін қандай сұрақтарға жауап беру қажет?

1026
жауап

Қай компанияға болмасын жұмысқа орналасу үшін әңгімелесуден өтесіз. Сауалдардың басым бөлігі көбімізге белгілі: «Бұл жұмысқа неге сіз лайықтысыз?» немесе «Компанияға қандай көмегіңіз тиеді деп ойлайсыз?» Ал әлемнің танымал корпорацияларында әңгімелесу қалай жүреді?

Tesla

Tesla-да сұхбаттасу екі кезеңнен тұрады. Біріншісі— телефон арқылы тілдесу. Бұл жерде HR маман үміткермен сөйлеседі. Міндетті түрде сіздің қаншалықты сабырлы әрі жұмысқа төзімді екеніңізді білу үшін бірнеше сауал қойылады.

Tesla атағына бола осы жерде жұмысқа орналасқысы келетіндерді маңайына жолатпайды. Қызық идеясы мен компанияның дамуына қосар үлесі бар адамдарды ғана алады. Сауалдарды көбірек қойғаннан гөрі, атқарған жұмыстары туралы біліп алуға тырысады. Мәселен, осыған дейінгі жұмыс орнында ауыз толтырып айтарлық не жасады — соны бағалайды. Компания туралы және оның мақсаттарын да дұрыс түсіне білу — басты шарт. Сол себепті, бұл компанияға сөзден гөрі істің, нәтиженің болғаны маңыздырақ деп ой түйесіз.

Сұхбаттасудың екінші кезеңі — жеке кездесу. Бұл жерде үміткер бұрындары атқарған қызметтерін тізіп, презентация дайындап келуі тиіс. Өзін таныстырып болған соң, сол жерде отырған компания қызметкерлерінің сауалдарына жауап береді.

Комиссия базалық білімін, түрлі жағдайларды өзін ұстауын, мамандығына қатысты емес бірнеше техникалық сұрақтар қояды. Мұның бәрі болашақ қызметкердің көзқарасы мен қиындықтарға төтеп бере алу қабілетін байқау үшін жасалады.

Pizza Hut

Дүние жүзіне белгілі пиццериялар желісіне жұмысқа орналасамын десеңіз, киіміңізді жөндеп әуре болмаңыз. Әрине, әр адам өзіне дұрыс қарап, сұхбаттасуға барарда үлкен жауапкершілікпен келуі тиіс. Бірақ комиссия сіздің киіміңіз үшін қосымша ұпай қосып бермейді. Өзіңізбен бірге тек қана смартфоныңызды әкелсеңіз, жетіп жатыр. Смартфонның көмегімен үміткерлер LinkedIn-дегі профильдерін көрсетеді. Қағазға басып шығарылған резюме тек екінші реттік сұхбаттасу кезінде ғана керек.

2013 жылы Pizza Hut SMM-менеджер қызметіне блиц-сұхбаттасу жүргізді. Сұхбаттың уақытын 140 секундқа шектеп қойды. Себебі, қазіргі заманда тұтынушыны баурап алудың өзі секундпен есептеледі. Осынша қысқа ғана мерзім ішінде өзіңізді жақсы көрсетіп қалу — тек өзіңізге ғана байланысты.

PizzaHutLobby

Dropbox

Dropbox аз уақыт алатын, бірақ жиі өткізілетін сұхбаттасулар жасайды. Үміткер бос орын барын біліп, хабарласады, онлайн сауалдарға жауап береді. Анкетаны қарап шығу бір аптадан бес аптаға дейінгі аралықты алады. Соңында рекрутер телефон арқылы тілдесетін күнді белгілеп, ол сұхбат өткізілген соң жеке кездесу жасайды.

Кәсіби білімінен өзге бұл жерде де адамның ойына келе бермейтін сұрақтар қойылады. Мәселен, Dropboх туралы әжеге қалай түсінідіріп берер едіңіз немесе әлемдегі барлық автокөліктерде Dropboх болса, қалай болар еді деген сұрақтар көп кездескен.

Бұл жерде көп сұрақтар жұмысқа қатысы шамалы: көңілді кештерде айтатындай қағытпа қалжыңдар, ақырзаманның алғашқы сағатында сіздің іс-қимылыңыз және т.б.

Qualcomm

Qualcomm сайтында үміткер анкетаны толтырады. Рекрутер жұмысқа орналасқысы келетіндерді интернет арқылы қабылдайды немесе бірден кездесу уақытын белгілейді. Сұхбаттасудың бұл кезеңі көбіне бір күн мен бір ай уақыт аралығындағы мерзімді қамтиды.

Басқа компаниялардағы жұмысқа қатысы жоқ сұрақтар көп қойылмайды. Техникалық біліміңізді тексеру үшін түрлі салалар жөнінде сауалдарды қарша боратады. Сұхбаттасудың соңы келесі сұхбатқа жалғасып жатады. Тіпті бір күнде 8 рет сұхбатқа шақыруы да мүмкін.

Facebook

Facebook рекрутерлерлі Skype арқылы тілдескенді ұнатады. Өзі туралы мән жайды айтқан соң, үміткерлер бағдарламалауға қатысты тапсырмаларды орындап, желінің маңызы туралы сауалдарға жауап береді. Сұхбаттасудың алғашқы кезеңі — 45 минуттан 2 сағатқа дейін жалғасады.

Сұхбаттың екінші кезеңіне жолдама алғандар Facebook-тың кампусына шақырылады. Бұл жерде үміткерлер презентацияларын таныстырып, алгоритмдер туралы білімдерімен бөліседі. Қателесуге болмайды. Бір қате — сіздің осыған дейінгі барлық ұпайларыңызды жояды. Одан бөлек Фейсбукты Қытайда қолдануға рұқсат беру керек пе, компанияның алға қойған мақсаттары қандай деген тәрізді ауқымды сұрақтар да кездеседі.

Axceler

Axceler-ге жұмысқа орналасуға келген адам анкетаны толтырып, HR-маманмен кездеседі. Өзіңіздің кемшін тұстарыңыз, кеңседе нені өзгертер едіңіз — сауалдар легі осындай. HR-департаментінің вице-президенті Нэнси Дивайн (Nancy Divine) ондай сұрақтардың компания үшін маңызы зор дейді. Яғни, тұтынушының көзімен де бір сәт қараған жөн.

Apple

Сұхбаттасудың бірінші кезеңінде Apple FaceTime немесе телефон арқылы байланысқа шығады. Үміткер бірден алынуы мүмкін. Кейде қосымша алтыға жуық сұхбаттасу күтіп тұруы да ғажап емес.

Жеке кездесу үшін үміткер компания кеңселерінің біріне шақырылады. Стандарт сұрақтардан бөлек, қызық сұрақтар да қойылады. Қолындағы кез келген затты көрсетіп: «Мынаның бағасын қалай түсірер едіңіз? Өзіңізді ақылдымын деп санайсыз ба? Қандай сэндвич жақсы көресіз» деген сауалдар қойылса, таң қалуға болмайды. Көбіне осы Apple компаниясының қызметкерлеріне қоятын талаптары мен бір-бірімен ара қатынасы ерекше.