Гамбургерлер патшасы Burger King қалай танымал болды?

53
burger king
Фото: joyscribe.com

Фасфудтар зиян деп айтамыз, алайда тез дайын болатын тағамдарды пайдаланушылардың саны жыл санап артпаса, кеміген емес. Әрине, өзі тез әрі тойымды, дәмді тамақтан кімнің бас тартқысы келеді. Сәйкесінше, сұранысқа орай фасфуд бизнесімен айналысатын мейрамханалардың да қатары көп. Mc Donalds, KFC, Hardees, Burger King секілді желілер бүкіл әлемге танымал. Әсіресе, соңғысы.

Burger King – танымалдығы жөнінен ғаламдағы екінші фасфуд желісі. ХХ ғасырдың ең мықты франшизасы. Тез тамақтану өнеркәсібінде ешкім төтеп бере алмаған Mc Donalds-ке қауіп төндірген бренд. Бүгін өзінің сиқырлы бургерлерімен атақты Burger King тарихына үңілеміз.

Қалай басталды?

Burger King-тің негізін қалағандар — Джеймс Макламор және Дэвид Эджертон (екеуі де — Корнель университетінің түлектері). Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін адамдар ақшаны оңды-солды жұмсады, әсіресе мейрамханаларға жиі баруды әдетке айналдырған. Осындай жағдайдың туындағанын көрген кәсіпкерлер мүмкіндікті пайдалануды қалайды.

Фото: genaromat.ru

Жеке бизнесін бастамас бұрын, Джеймс МакЛамор сол кездің өзінде танымал болған McDonald’s мейрамханасының жұмысымен танысады. Ол гамбургерлерді дайындау процесіне, сондай-ақ ас үйде қандай құрал-жабдықтар болуы керектігіне назар аударды және кейбір элементтерді өз мекемесінде қолдануды шешті.

Фото: wayneindependent.com

Қажетті білімді жинағаннан кейін 1954 жылы 4 желтоқсанда Флорида штатындағы Майамиде алғашқы мейрамхана ашылды. Ол Insta Burger King деп аталды. Жаңа желінің ерекшелігі – бірыңғай бағасы. Тіпті дағдарыс кезінде де бағалар өзгермеді, бірақ бәсекелесінен қымбатырақ болды. Burger King барлық мейрамханаларында гамбургерлер 18 центтен, ал McDonald’s-те ең арзан бургері 15 центтен сатылды. Тамақтарды дайындау тәсілінде де ерекшеліктер болды. Бренд  бургерге арналған сиыр етінің қоректік, дәрумендік құндылықтарын грильде дайындау кезінде, майды пайдаланбай сақтауды талап етті. Бұл клиенттердің денсаулығына қамқорлықты білдірді.

Осы уақытта Калифорнияда кәсіпкер Рей Крок ағайынды МакДоналдтармен мәміле жасады. Ынтымақтастық желінің қазіргі танымалдығына бастау болды. Ал 1957 жылы Burger King өзінің мәзірін кеңейтіп, аты аңызға айналған қазіргі гамбургерді әзірлеп, Whopper деп атады. Whopper сол уақытта ірімшік, тұздық, қызанақ, салат және тағы басқа да қоспалармен жасалынатын McDonald ‘ s-тің  Big Mac аналогы болды. Жаңа гамбургер 37 центтен сатылды.

Фото: businessinsider.com.

1958 жылдан бастап Burger King теледидар жарнамасын белсенді пайдалана бастайды. Компанияның алғашқы жарнамалық ролигі Майами қаласындағы телеарнада көрсетілді. Ол жаңа өнім Whopper-дің танымалдығын арттыру үшін жасалды. Осылайша Burger King-тің ТВ-маркетингімен ұзақ және өзара тиімді ынтымақтастығы басталды, қызметін жиі пайдаланды. Өз өнертабысы үшін мақтаныш тіпті маңдайшаны ауыстыруға алып келді. Қара жазудың орнына енді үлкен тәбетті бургерде отырған патша, ал жанында «Home of the Whopper» деген жазу болды.

Фото: theoldmotor.com

1959 жылы Макламор мен Эдгертон істерінің алға басқанын және тұрақты табыстың бар екеніне көзі жеткен соң, Флорида шекерасынан шығып, кәсіпті одан әрі дамытуды қалайды. Олар франчайзингті ең тиімді тәсіл деп санады. Өйткені, франшиза сол кездегі кафе және мейрамханалардың бизнесті дамытудағы басты құралы болды. МакЛамор мен Эдгертон Burger King маркалы мейрамханалар ашу құқығын бірден көлемді аумақты қамти алатындарға сатты. Бұл жол — McDonald’s-тен өзгеше. McDonald’s жағдайы бір мейрамхананы жүргізе алатын отбасылардың бәріне құқықты сатты. Ал Burger King қалталы инвесторларға бағдарланды. Тиісінше, таңдаған бағыт нәтижелілігін дәлелдеді. Желі тез өсе бастады. 8 жыл ішінде Америка бойынша 247 мейрамхана жұмыс істеді.

Фото: logorealm.com

Burger King және Pillsbury

Burger King үлкен танымалдыққа ие бола бастады, МакЛамор мен Эдгертон одан көп пайда табуға шешім қабылдайды. Сондықтан, 1967 жылы Pillsbury компаниясына брендпен қоса барлық 274 мейрамхананы сатты. Мәміленің  сомасы 18 млн долларды құрады.

Burger King-тің жаңа иелері бірден белсенді жұмысқа кірісті, бірақ тиісті тәжірибенің болмауы франшиза ісінің кері кетуіне септігін тигізді. Мәселе, желі мейрамханаларындағы клиенттерге деген әртүрлі шарттар мен мәзірдегі ерекшеліктер еді. Аталған жағдайды тіпті жарнама да реттей алмады.

Фото: wikiyy.com

Pillsbury басшылары құлдыраудан сақтану үшін түрлі жолдарды іздей бастады. Сондықтан, MacDonalds-тің үздік менеджерлерінің бірі Дональд Смитті Burger King жұмысына тартты.

Басшылық Дональдқа толық еркіндік пен бренді дамытудағы барлық әрекеттерін іске асыруға уәде берді. Смит мекемелерді бақылауды күшейтті, олардың жоспардан тыс тексерулерін енгізді, мейрамханаларды стандарттауға барлық күшін жұмсады. Ал келушілердің санын 1974 жылы енгізілген «Өзің жаса» техникасы қайта ұлғайтты. Енді клиенттерде сэндвичке сүйікті қоспаларды өз бетімен қосы мүмкіндігі болды.

Дональдтың компанияда болған 10 жылы ішінде Burger King жұмысы алға басты. АҚШ пен әлемнің 30 елінде желіні кеңейту жұмыстары жүрді:

  • 1975 — компания батыл қадамға барып, «Кинг Авто» терезесін орнатады. Енді автокөлік жүргізушілері сүйікті тағамдарына тапсырыс берді. Басшылықтың басты міндеттері ыңғайлы, сапалы, уақтылы жеткізу болды.
  • 1977 — Burger King әрбір клиентке негізгі сатып алуға ойыншық презент берді. Бұл бонус одан да көп клиенттерді тартты.
  • 1978 — бренд тағам дайындаудағы жаңа деңгейге шығады, мәзірді кеңейтеді. Клиенттерге сэндвичтар кез келген дәмде (тауық, балық, ветчина) ұсынылды.
  • 1979 – Таңғы асқа арналған мәзірлер пайда болады
  • 1980 — Ойынсыз лотерея түрінде тағы бір батыл маркетингтік қадам енгізілді.

80-ші жылдардағы қиыншылық

Өкіштісі, Burger King-тің шарықтау кезеңі ұзаққа созылмады. 1980 жылдың маусымында Дональд Смит тез тамақтанудың жаңа желісі — Pizza Hut-ті дамыту үшін компаниядан кетеді. Аталмыш жағдайтан кейін Burger King белгілі бір уақытқа дейін жақсы табыс тапты, алайда көп ұзамай дағдарыс туындады. Компания басшылары жиі ауысып отырды, бұл компанияның атмосферасына және оның стратегиялық мақсаттарына қол жеткізу қабілетіне оң әсерін тигізбеді.

1985 жылы Burger King Лондондағы оқу орталығын ашты, ол еуропалық франчайзерлермен тығыз жұмыс істеуге тиіс еді.

Сол жылы компанияның ассортименті де кеңейеді. Толыққанды салат-барлар пайда болады, сондай-ақ Burger King мейрамханаларында салауатты тағамдардың саны өседі. Ескі мейрамханалар желісінің интерьері өзгереді. Компанияда қауіпсіз материалдарды пайдалана бастайды – аз пластмасса және көп ағаш. Барлық мейрамханаларды  компьютерлендіру және кассир жұмысын стандарттаужүреді. Бұл компанияда жасөспірімдердің жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.

Дегенмен, өзгерістерге қарамастан Burger King-тің проблемалары жойыла қоймады. Сондықтан атақты «Battle of the Burgers» науқаны іске қосылды. Жаңа жарнама сатылымды арттырды. Бірақ, компанияның бұдан басқа жарнамалық науқаны сәтсіз болды. Мейрамханалар сұраныстан айырылды.

Жаңа басшылық

1989 жылы Grand Met компаниясы Burger King мейрамханаларының фастфуд желісімен бірге 5,7 миллиард долларға Pillsbury-ді сатып алады. Мәміле екі тарап үшін де тиімді болды. Grand Met Burger King-тің проблемаларының көп екенін білді және олардың шешілетініне сенімді болды. Есесіне әлемнің 50 мемлекетінде 5,5 мың мейрамхананы иеленді.

Burger King жаңа қожайынының қабылдаған алғашқы қадамы — Ұлыбритания пабтар желісінің табысты менеджері Барри Гиббонсты командаға алу. Осыдан кейін Burger King бірден Wimpey гамбургерлер желісін сатып алады. 1990 жылға дейін 200 Wimpey мейрамханалары Burger King болып өзгертіледі.

Жаңа СЕО Барри Гиббонстан брендті дамытуда ерекше әдісті таңдайды. Осы жылдары балаларға назар аударуға бағытталған белсенді жұмыс жүргізіледі: танымал мультфильмдердің кейіпкерлерімен жаңа бейнероликтер пайда болады, Шайк Кинг балалар клубы құрылады. Жаңашылдықтар мекемелерге келушілердің санын арттырады, кішкентай клиенттер мен олардың ата-аналарына қуаныш сыйлайды, бренд рейтингін көтереді.

Сонымен қатар, Барридің белсенді жұмысының арқасында Венгрияда мен Мексикада(1991), Польшада (1992), Сауд Арабиясында (1993), Израиль, Оман, Доминикан Республикасы, Эль Сальвадор, Перу және Жаңа Зеландия (1994), Парагвайда (1995) жылдам қызмет көрсететін мейрамханалар ашылды. Burger King рентабельділігі айтарлықтай өсті.

1997 жылы Grand Metropolitan PLC компаниясы Guinness&Со-мен қосылып, Еуропадағы және бүкіл әлемдегі фирмалық сусындарды, тағамдарды дайындаумен айналысатын Diageo PLC жаңа әлемдік компаниясын құрды. Өзгерістер Бургер Кингке де әсер етті: мекеме декоры, логотип және тағам дайындау технологиясы өзгертілді.

Фото: lj-media.ru

Әдеттегідей, табысты жұмыс жалғасын таппайды, себебі Burger King-те сақталған үрдіс – басшылықтың ауысуы тоқтамады. Осылайша, 2002 жылы бренд отанына оралады. Бұл жағдай америкалық компаниялар Bain Capital Partners, Texas Pacific Group, және Goldman Sachs Capital Partners-тің бизнесті сатып алуымен орын алды. Жаңа орталық кеңсе Майамиде ашылады.

Қазіргі Burger King

2010 жылдан бастап Burger King басшылығы 3G Capital жаһандық инвестициялық фирмасына тиесілі.

Сатып алу кезіндегі желінің тез тамақтану мейрамханаларының саны 12 мыңнан асты. Ал 2016 жылғы мәліметтер бойынша, корпорация 15 мыңнан астам жылдам тамақтану орындарын құрайды және күніне 11 млн астам келушіге қызмет көрсетеді.

Өнімнің жоғары сапасы, қызықты безендіру, клиенттермен белсенді жұмыс корпорацияны тез тамақтану саласындағы көшбасшылыққа алып келуде. Көптеген мамандар болашақта Бургер Кингтің басты қарсыласы Макдональдсты жеңеді деп болжайды.

Қазақстандағы дамуы

2012 жылдың мамыр айында Burger King Қазақстанда (Алматы қаласы) әлемдегі ең үлкен мейрамханалардың бірін ашты (555 м2 алаңда 240 орын). «Верный Капитал» қазақстандық компаниясы Burger King компаниясымен Қазақстандағы франчайзинг бойынша 12 жылға келісімшарт жасады. Мәміле құны жария етілген жоқ, алайда сарапшылардың пікірінше, инвестиция көлемі 1 миллион доллардан асады.

Фото: retail.ru

Қазіргі таңда Қазақстанда Burger King-тің 45 мейрамханасы жұмыс істейді. Елдегі франшиза иесі — Әнуар Өтемұратов.