«Хантәңірі» халық театры қайта ашылды

276

Райымбек аудандық «Хантәңірі» халық театры облыс орталығы Талдықорған қаласында халықтық атауын қайта қорғады. Бұл туралы Бикен Римова атындағы облыстық дарама театрында өтетін баспасөз жиынында айтылды.  

Қазіргі күні жаңа атауға ие болып, бір кездері «Нарынқол» халық театры атанған өнер ордасы 1960 жылы құрылып, 1963 жылы «Нарынқол Халық театры» атағын қорғаған еді.

Театрдың ірге тасын қалаушылардың бірі, әрі алғашқы режиссері — Мақай Нұрқасов.

Театрдың негізін қалаушылардың қатарында  айтулы ақын Еркін Ібітанов, жазушы Тұрсынбек Тілемісов, Тұрақан Сыдықова, Мэлс Серғалиев, Клара Қалиева, Нұрлыбек Жылқыайдаров бар.

Театрдың ең алғашқы режиссері М.Әуезов театрында қызмет істеген актер, режиссер, Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген өнер қайраткері Алдаберген Нұрбеков.  Жаңа ашылған театрға жеке штат бөлініп, актерлары басқа жұмыстардан босатылып, тек театрда ғана еңбек ететін жеке мекеме ретінде кәсіби театр болып құрылады.

Театрдың кейбір спектакльдері арнайы Алматыда қойылған кезі де болған. Мысалы: М. Әуезовтың «Түнгі сарын» спектаклі Алматыға  арнайы шақырумен М. Әуезов театрында сахналанған.

1970 жылы театр Мәскеуде Бүкілодақтық байқаудың лауреты атанады.

Бұдан кейін театрдың режиссері Жанұзақ Қырманшиев, Әбдіғалым Наймантаев, Асқар Наймантаев, Әбіш Мейірманов, Бақытжан Атакелдиев басқарады.  Халық театрында Мэлс Серғалив, Клара Қалиева, Екен Әбілдаев, Мұхамед аға, Төлеген аға, Бақытжан Атакелдиев, Несіпхан Бектемірова, Света Базарбаева, Аманкелді Төлебаев, Еркін Әбдіқалов сынды артистер ұзақ жыл табанды еңбек етіп, ел құрметіне бөленеді.

2018 жылдың сәуірінде Райымбек ауданы қайта ашылғаннан кейін театрды қайта ашу бастамасы көтеріледі.  Аудан әкімі Нұржан Кеңесұлы  мен  облыстық мәдениет, құжаттама және архивтер басқармасының басшысы Марлен Көлбаевтың қолдауымен «Хантәңірі халық театры» қайта ашылып отыр.