Тутушкин: Инфляциялық күтулер инфляцияның көтерілуіне немесе төмендеуіне алып келуі мүмкін

Тутушкин
Фото: kapital.kz

Алматы. 18 қазан. 7kun.kz — Инфляциялық күтулер инфляцияның көтерілуіне немесе төмендеуіне алып келуі мүмкін. Бұл туралы Ұлттық банктің Зерттеулер және статистика департаментінің директоры Виталий Тутушкин айтты деп хабарлайды банктің баспасөз қызметі.

Виталий Тутушкиннің сөзінше, егер халық болашақта бағаның өсуін күтетін болса, онда бүгін ол тауарларды артығымен сатып ала бастайтынын, тиісінше оларға сұранысты көтеретінін түсіндірді.

«Бұл ретте нарықтағы тауардың саны бұрынғыша қалады. Себебі олардың тез пайда болуы мүмкін емес. Сатушылар тауарларына сұраныстың өсіп отырғанын көре отырып бағаны көтереді. Осылайша, инфляция көтеріледі. Экономикалық агенттер өздерінің болжамдары негізінде инвестицияларды қазір жасау керек пе әлде болашаққа ақша жинау керек пе деген шешімдер қабылдайды»,- дейді ол.

Ал егер халық болашақта бағаның төмендеуін күтсе, онда ол қазір тауарларды сатып алуға ақшасын жұмсауға асықпайтындығын айтады.

«Адамдар болашақта тауарды неғұрлым төмен бағаға сатып алуға үміттене отырып, ақшасын жинайды. Нарықта тауарлар саны бұрынғысынша болғандықтан, сатушылар тауарды өткізу үшін бағасын төмендете бастайды. Инфляция төмендейді» — дейді Виталий Тутушкин.

Инфляциялық күтулер – бұл тауарлар мен қызметтер бағасының болашақта өзгеруі туралы болжам.