«Іскерлік журналистика мектебі» ашылды

955
журналист

Алматыда «Іскерлік журналистика мектебі» ашылғанын хабарлады. Мектеп қазақ тілінде қаржы, экономика, бизнес тақырыптарында жазатын журналистерді дайындау, біліктілігін арттырумен айналысады.

«Қазіргі кезде қаржы-экономика тақырыбында жазатын қазақ журналистері аз. Жоғары оқу орындарында салалық журналистер дайындалмайды. Медиа саласы күн сайын өзгеріс үстінде. Мультимедиалық құралдарды пайдаланатын, кемінде екі тілді меңгерген, нарық заңдылықтарын жақсы түсінетін журналистерді дайындау қажеттілігі бар. Осы олқылықтың орнын толтыруға тырысамыз», дейді жоба менеджері Алмас Утебаев.

Мектепте конкурстық негізде іріктелген 10 болашақ журналист тегін білім алады. Сондай-ақ ақылы курстар да жұмыс істейді. Тыңдаушыларға дәрісті белгілі журналистер, банк қызметкерлері мен қаржыгерлер жүргізеді. Курс барысында тыңдаушылар мектептің серіктесі 7kun.kz сайтының редакциясында тәжірибеден өте алады. Үздік тыңдаушылар 7kun.kz сайтына жұмысқа қабылданады.

«Іскерлік журналистика мектебі» 2013 жылы қаржы-экономика тақырында жазатын жас журналистер тобын қалыптастыру мақсатында журналистика факультеті жанынан клуб ретінде құрылған.

2015 жылдың қаңтар айынан бастап «Іскерлік журналистика мектебі» ретінде ашылды. Мектеп жұмысының алғашы нәтижелері де бар. Жақында бірінші түлектері өз бастамаларымен 7kun.kz іскер жаңалықтар сайтын іске қосты.