Ислам діні кәсіпкерлікті құптайды

0
848
Ислам діні кәсіпкерлікті құптайды
Фото: Коммерсант

Табыс табу туралы

Пайғамбарымыз (с.а.с.) үзеңгілес серіктерін және мұсылман қауымын әрдайым өз маңдай терімен нәпақа табуға үндеген. Мұсылманның қас сипатының бірі ретінде қанағатшыл болуды, мүсәпір күйге түсіп, алақан жайып, ешкімге кіріптар болмау керектігін насихаттаған. Тіпті, Мұхаммед (с.а.у) өзінің өнегелі өмірімен жеке тұлғаның әлеуметтік-экономикалық жай-күйі қалай болу керектігін де үйреткен. Сахабаларының бірі: —         Уа Алланың Елшісі! Маған қайырлы бір іс туралы айтсаң. Ол істі жасағанымда Алла да, адамдар да жақсы көрсін!», дейді.  Хақ Елшісі (с.а.у): —   Дүниеқұмар болма. Сені сонда Алла жақсы көреді. Өзгенің мүлкіне сұқтанба, сонда адамдар да сені жақсы көреді, — деп жауап береді.

Кәсіпкерліктегі адал табыс туралы

Рафи Бин Хадиждің риуаяты бойынша сахабалардың бірі Алла Елшісінен: Уа, Алланың Елшісі! Қандай табыс адал (таза)?» деп сұрайды. Сонда Хақ Елшісі (с.а.у): Адамның маңдай тері төгілген заңды сауда – ең таза табыс», деп жауап береді.

Сауда-саттық туралы

Парасат падишасы (с.а.у) тағы бір хадис-шарифінде үмбетін адал сауда-саттық һәм еңбек етуге үндеп: «Ризықтың оннан тоғызы саудада. Ал, оннан бірі түйе мен сиыр тәрізді ірі қара немесе қой мен ешкі сияқты ұсақ малдарда», деп бұйырған. Хақ Елшісі (с.а.у) Табарани жеткізген хадис-шарифте сахабасына сауда-саттық жасауды Хақ жолында жасалған жиһад деп суреттеген.

Адал сауда-саттықтың сауабы мол екенін былайша жеткізген: «Әділ және сенімді саудагерлер – пайғамбарлар, адал адамдар және шәйіттермен бірге».

«Ең таза және адал табыс – сауда жасайтындардың табысы. Олар сөйлегенде, өтірік айтпайды, өздеріне бір нәрсе аманат еткенде, қиянат жасамайды. Уәде берсе, уәделерінен таймайды, сатып алған затты жамандамайды, сатқан тауарын орынсыз мақтамайды, қарызданса кешіктірмейді, алашақ болса, қиындық тудырмайды». Бұл да адамзат ардақтысының (с.ғ.с) артына қалдырған сүбелі хадисі.

Пайғамбар (с.ғ.с) да саудагер болған

Әбу Хурайрадан риуаят етілген хадисте Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Сендерден қайсы бірің жіп алып, таудан бір бума отын арқалап әкеліп сатқандарың қайсы бір адамның қол жайып қайыр сұрауынан әлдеқайда жақсы. Кім біледі, ол адам я берер немесе бермес» деген екен.

Ислам саудаға рұқсат берумен қатар, табыстың негізгі көзі екендігін де айтқан. Алла Елшісінің (с.ғ.с) «Ырыстың оннан тоғызы сауда мен диқаншылықта. Қалғаны мал асырап, бағып-байлап, сатуда» деуі де бекер емес. Бұдан сауда жасаудың маңызды кәсіп екенін аңғарамыз.

Егер, біле білсек, Алла Елшісінің (с.ғ.с) өзі пайғамбарлықтан бұрын саудамен айналысқан. Өйткені, сол заманда Мекке халқының тұрмыс-тіршілігі сауда-саттықпен тығыз байланысты болған еді. Меккеде тұратын Хадиша ана да саудамен айналысатын санаулы адамның бірі  болатын. Ол сауда керуенін үнемі Шам шаһарына жіберген екен. Бірде керуенбасына көңілі толмай, орнына жиырма бес жастағы Мұхаммедті (с.ғ.с.) тағайындайды. Сол тұста болашақ Пайғамбар «Мұхаммәдул әмин» яғни, «сенімді Мұхаммед» атанып, ел ықыласына бөленген-тін. Ол (с.ғ.с) осындай адалдығымен, шыншылдығымен, турашылдығымен өзгелерге үлгі болады. Мұхаммедтің (с.ғ.с) 623 жылы Мәдина қаласына қоныс аударып, мұсылмандарға арнап базар ашқанынан да көпшілігіміз бейхабармыз. Ол базар шаһар тұрғындарының емін-еркін сауда-саттық жасайтын орталығына айналған.

Енді сахабалардың өміріне көз жүгіртіп көрелік. Мәселен, Әбу Бәкір (р.а) халифа болғанға дейін саудагер болыпты. Ол (р.а) халифалығының алғашқы күндерінде әдеттегідей жүктерін арқалап, базарға барады. Онда жаңа тағайындалған халифаны Омар мен Әбу Убайда ибн Жарраһ көріп қалады. «Сіз мұсылмандардың әміршісі болдыңыз. Базарда қандай шаруамен жүрсіз?» дейді олар таң қалғандарын жасыра алмай. Халифа: «Мен базарға шықпасам отбасымды қалай асыраймын?» деп қарсы сауал қойған екен. Сонда олар: «Онда біз Сізге айлық тағайындайық, сауданы доғарыңыз» деп күніне жарты қойдың құнын беріп тұруға уағдаласады. Осылайша сахабалар халифаның қызметін алаңсыз атқаруы үшін Әбу Бәкірге жалақы төлеп тұруды ұйғарады.

Хазірет Осман да әке кәсібі – саудамен айналысыпты. Ауқатты сахабалардың бірі болған ол мұсылмандарға көп көмектесіп, айналасының, Алла тағаланың разылығына бөленген. Бірде Алла Елшісінің (с.ғ.с) әмірімен Тәбук жорығына дайындық басталады. Бұл маңызды жорық болғанымен, мұсылмандардың көпшілігінің қару-жарағы, құрал-сайманы, ат-көлігі жоқ еді. Осы сәтте пайғамбар (с.ғ.с.) ауқатты мұсылмандарды қайырымдылық жолында жұмылуға, бірігуге шақырады. Сонда Осман (р.а.) 300 түйе, 50 ат және 1000 динар берген екен.

Міне, қашанда Ислам этикасымен адалдық пен шынайылықты ту етіп істелген сауда мұсылмандарды биік жетістіктер мен материалдық тұрғыда бай-қуатты деңгейге жетізбек.

P.S. Оқырмандар тарапынан қаржы, экономика, бизнеске қатысты күнделікті сауалдар келіп тұрады. Солардың бірі «Исламда кәсіпкерлікпен айналысуды құптай ма?» деген сауал болды. Оқырманымыздың сауалын ескере келіп, біз тұрақты түрде исламдағы қаржының, пайыздың, қарыздың, бизнестің, кәсіптің рөлі туралы сұрақтарға  жауап жариялап отыруды шештік.

Дерекөздері:

kazislam.kz сайтындағы оқырман сауалына заңгер, шариғат маманы Мұхан Исаханның жауабы

taglym.kz сайтындағы «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің Бас имамы Жұманазар Садырхановтың мақаласы

Дінмұхаммед Алдаберген


Пікір жоқ

ПІКІР ҚОСУ