Қазір адамдардың басым бөлігі офиске немесе басқа мекемеге барып жұмыс істеуге қарағанда, жұмысты үйден шықпай-ақ істегісі келеді. Бұл жұмыс тиімділігін арттыруға көмектесетін тамаша мүмкіндік болып көрінгенімен, үйден шықпай жұмыс істеудің өз артықшылықтары мен кемшіліктері бар екенін біліп жүргеніңіз жөн. Жұмысты кеңседе істеп үйренген қызметкер үшін бастапқыда өз үйінде жұмыс орнын қалыптастыру қиындық туғызуы мүмкін. Егер үйде отырып, тиімді жұмыс істеудің құпиясын білгіңіз келсе, келесі кеңестерді біліп жүріңіз.

Мамандар пікірі

2005-2012 жылдардағы деректерге сүйенсек, офистен тыс, үйде отырып жұмыс істейтін америкалықтардың саны 80 пайызға дейін өскенін байқаймыз. «Driven to Distraction at Work» кітабының авторы Нэд Хэллоуэллдің сөзінше, үйден шықпай жұмыс істеу ең алдымен қызметкерлерге еркін график және өз қалауыңмен жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Бірақ бір қызығы, үйде отырып істелінген жұмыстың сапасы бірте-бірте жоғарылайды екен. Стэнфорд университетінің ғалымдары жүргізген зерттеу жұмысының нәтижесінде үйде отырып жұмыс істейтін қызметкерлердің жұмыс тиімділігі 13 пайызға жоғары екен. «The Progress Principle» кітабының авторы Стивен Крамердің пікірінше, ең бастысы қызметкер нәтижелі, тиімді қызмет атқаратынын түсінуі керек. Төмендегі кеңестер сіздің үйден шықпай-ақ жақсы жұмыс істеуіңізге көмектеседі деген үміттеміз.

Жұмыс кестесін құрыңыз

Офисте қандай кестемен жұмыс істесеңіз, үйде де дәл сондай тәртіппен жұмыс істеуге тырысыңыз. Жұмысты тым кеш бастамаңыз, жұмысқа киетін киіміңізді киіңіз, компьютерді қосыңыз. Жұмысыңызға кедергі жасайтын басқа дүниелерге көңіл бөлмеуге тырысыңыз. «Нақты жұмыс кестесін құрыңыз және оны ұстаныңыз» дейді Хэллоуэлл Крамер. Міндетті түрде тынығып алуға уақыт бөліңіз.

Нақты шектеулер қойыңыз

Адам жұмысты үйден істегенде, тым еркінсіп, жұмысын жеке өмірмен байланыстырып қоюы мүмкін. Хэллоуэллдің сөзінше, өзіңе нақты шектеулер қойсаң, өзіңді әрдайым жұмыста жүргендей сезінетін боласың. Сондықтан өмірді екі кезеңге бөлген дұрыс. Үйде тиімді жұмыс істеу үшін ешкім мазаламайтындай қолайлы жағдай, бөлек бөлме болуы тиіс. Сондай-ақ достарыңыз бен жақындарыңыз да сіз үйде болғаныңызбен сізді мазалауға болмайтынын түсінулері керек. Кесте құрғанда, тек жұмысқа емес, отбасыңызға да уақыт бөліңіз.

Жиі тынығып тұрыңыз

Соңғы деміңіз таусылғанша жұмыс істегіңіз келсе де, ағзаңыздың, миыңыздың жиі тынығып тұруы керек екенін естен шығармаңыз. Зерттеуші компаниялардың дерегінше, ең тиімді қызметкерлер орташа есеппен алғанда 52 минут жұмыс істеп, 17 минут демалады екен. «Ми міндетті түрде тынығуы керек. Қалай демалғыңыз келсе де, бәрі өз еркіңізде. Жаттығу жасаңыз, далаға шығып серуендеңіз»,- дейді Хэллоуэлл.

Әріптестеріңізбен байланысып тұрыңыз

Жалғыз өзіңіз жұмыс істесеңіз, жұмысқа деген қызуғышылығыңыз төмендейді. Егер сіздің жұмысыңыз қоғамдық қатынастармен тікелей байланысты болса, әріптестеріңізбен жиі кездесіп тұрыңыз. Алыста тұратын адамдармен байланысу үшін LinkedIn секілді әлеуметтік желілерді пайдаланыңыз. Әріптестеріңізге бір жұмыс күнінде қандай жұмыс атқарғаныңыз туралы есеп беріп тұрыңыз.

Жеңісіңізді тойлаңыз

Адам жалғыз өзі жұмыс істегенде, қажетсіз дүниелерге тым көп уақыт бөлуі мүмкін. Осындай кезде, жұмыстан ауытқымау үшін өзіңіздің жеткен жетістіктеріңізді еске алып, өз-өзіңізді мақтаңыз. Күн сайын өз жетістіктеріңізді еске алып тұрсаңыз, алға жылжи аласыз.

Негізгі қағидалар

Не істеу керек:

  • Кесте құрып, кесте бойынша жұмыс істеу
  • Жеткен жетістіктеріңді еске алып отыру
  • Жұмыс істейтін орын тауып, жақындарыңа жұмыс кезінде бос емес екеніңді түсіндіру

Нені істемеген жөн?

  • Демалыссыз жұмыс —  тиімділігіңізді төмендетеді
  • Қоғаммен байланысты үзбеген жөн
  • Әріптестеріңіз бен бастығыңызға есеп беруді ұмытпаған жөн

Дайындық пен бейімділік

Лос-Анджелесте тұратын жазушы Хизер Шопер белгілі бір корпорацияның сату бөлімінде 10 жыл бойы жұмыс істеп, кейіннен өз еркінен тыс фрилансер ретінде жұмыс істеуге мәжбүр болған. Қазір ол отбасыға арналған басылымдардан бастап космос жайлы ақпарат беретін сайттарға мақала жазады. Жұмыс тиімділігін арттыру үшін Хизер әр жексенбі сайын алдыңғы аптаға жоспар құрады, кейін өзгерістер болса, оны да кестесіне енгізеді. Сондай-ақ Хизер 45 минут сайын өзіне үзілістер жариялайды. 5-10 минутта тынығып, қайтадан жұмысқа кіріседі. Тек Хизер жұмысты жалғыз өзі істейтіндіктен, адамдармен сөйлесіп, тілдесудің ауадай қажет екендігін мойындайды. Сондай-ақ ол LinkedIn арқылы өзге жазушылармен байланысып тұрады екен.

Жұмыс пен жеке өмір арасындағы шектеулер

Осы жылдың басында Кэтрин Кэмпбелл Солтүстік Каролина штатында, Эшвиллде офис ашты. Кэтрин үйде отырып жұмыс істеуді үйренген. Кезінде копирайтинг мекемесінде үйден маркетинг директоры ретінде жұмыс істеген. Кэтрин өзінің жеке өмірін жұмыспен араластырмау үшін басынан бастап өз өміріне арнайы шектеулер қойған екен. Ол скайппен өте сирек сөйлеседі, әрдайым поштаны тексере бермеуі үшін телефонынан пошта қосымшасын өшіріп тастаған. Сондай-ақ Кэтрин күніге кешкі сағат бесте достарымен кездесуге, баласын мектептен алып келуге, серуендеуге шығады.

Дереккөз: Hipo.kz