
Йемендегі қақтығыс күшейген сәттен бері соғыс қимылдары нәтижесінде 643 адам құрбан болды. Бұл көрсеткіш 19 наурыз бен 6 сәуірдің аралығын қамтиды деп хабарлайды AFP Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына (ДДСҰ) сілтеме бере отырып.
2226 адам жарақаттанған. Әзірге өлген және жарақат алғандардың нақты саны белгісіз. ДДСҰ алдағы уақытта көрсеткіштің өсуі мүмкіндігін айтып отыр. 334 мың адам өз үйлерін тастауға мәжбүр болған. Оның 254,4 мыңы шетел паналап кеткен. "Ел қиын-қыстау сәтті басынан өткеріп отыр. Электр энергиясы мен су өшіп қалады, жанармай жетіспеушілігі байқалады", - деп дабыл қағуда ДДСҰ.
Естеріңізге сала кетсек, Сауд Арабиясы мен Парсы шығанағының өзге де мемлекеттері біріккен халықаралық одақ 26 наурыз күні түнде Йеменде ел аумағының көпшілік бөлігін бақылауда ұстап отырған көтерілісші хуситтерге қарсы соғыс операциясын бастаған болатын. Кейінірек бұл операцияға Мысыр мен Пәкістан да қосылды. Сонымен қатар, БАӘ, Кувейт, Катар, Бахрейн, Иордания, Судан секілді мемлекеттер алдағы уақытта қатысуды жоспарлап отыр. "Йеменннің заңды билігін қорғау" соғыс операциясы Сауд Арабиясының жетекшілігімен өтіп жатыр.