К.Лагард: Афинадан сенуге тұрарлық шаралар күтілуде

721

Грекия экономикасын қалпына келтіру үшін Грекия реформалары, сондай-ақ халықаралық несие берушілердің күш салулары қажет деп мәлімдеді Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) өкімші-директоры Кристин Лагард.

«Мен оптимистпін. Мен басымдық беріп отырға мәселе — Грекияның өсу жолына қайтып келуін қамтамасыз ету. Бұл жол тұрақты болуы керек және біз уақытша немесе асығыс шешімдерді қабылдамауымыз тиіс», — деп мәлімдеді ол Францияның Challenges журналына берген сұхбатында.

К.Лагард Грекияға несие берушілер Афина ұсыныстарында «елеулі әрі сенім тудыратын шараларды» көргісі келетінін айтты. Оның айтуынша, бағдарламаны тек салықтардың жоғарлауына және олардың жиналуы жақсарады деген үмітке  негіздеуге болмайды, сол себепті несие берушілер Грекиядағы бюджеттік жағдайды жөнге келтіретін шараларды қалайды.

ХВҚ басшысы осы жылдың қаңтар айында билікке қазіргі үкімет келгеннен бері Грекиямен арадағы келіссөздер қиындай түскенін атап өтті.

«Грекияның еуроаймақтан шығуынан туындайтын ауыр салдар» туралы болжамдарға қатысты сауалға ХВҚ басшысы бұған сенбейтінін және мұндай жағдайдың болғанын қаламайтынын білдірді.

«Мен ымыраға келмейтін, адамгершілігі жоқ ХВҚ-атай туралы аңызды естігенмін. Бірақ бұл институт әрдайым ережелерді ұстанғаны үшін 70 жылдан бері дүниежүзілік дағдарыстардың шешімін тауып келеді. Ережелер болмаса, күштінің құқығы әрекет етеді», — деді К.Лагард.

Бұған қоса К.Лагард егер 2016 жылдың шілдесінде қазіргі мандат аяқталғаннан кейін халықаралық ұйымдардың мүшелері ықылас білдірсе, ХВҚ басшысы лауазымындағы екінші мерзім туралы мәселені қарастаруға дайын екенін айтты.