Кәсіпкерлер Байқоңырға қазақстандық әкім сайлауын өтінді

659
кәсіпкерлер
Фото: lenta.inform.kz

Байқоңырдағы қазақстандық және ресейлік кәсіпкерлер Н.Ә.Назарбаевқа әділдік сұрап, өтініш жасады.

Олар ресейлік заңнама бойынша жұмыс істеп, федеративтік салық инспекциясында тіркелген. Соның салдарынан салық мөлшерлемесі қазақстандық тарифтен екі-үш есе жоғары.

«Коммуналдық қызметтердің бағасы көршілес Ақай және Төретам ауылдарымен салыстырғанда үш есе жоғары. Бұдан өзге, зейнетақы, әлеуметтік қамтамасыз ету, азаматтарды жұмысқа орналастыру және білім алуда да қиындықтар бар. Байқоңыр халқына ең қиын соққаны – 2017 жылы қабылданған заң. Жаңа заң бойынша Қазақстаннан әкелінетін тауарларға 18% баж салығы салынады», — делінген қала тұрғындарының хатында.

Хатта көрсетілгендей, жаңадан қабылданған заң негізгі тұтынатын тауарлардың қымбаттауына себеп болды. Олардың айтуынша, болашақта бұл мәселелер кәсіпкерлер мен Байқоңырдың экономикалық жағдайын нашарлатуы мүмкін. Егер салық Байқоңырдағы қазақстандық кәсіпкерлерге шартты түрде 18 теңге болса, қала ішінде 52 теңгеге дейін өсуі мүмкін.

«Заңды қабылдау кезінде кәсіпкерлер мен халықтың экономикалық жағдайына және сауда-қаржылық қызметтер ережелеріне мән берілген жоқ. Қазіргі уақытта Байқоңырдың инфрақұрылымы ескірген және Қазақстанның басқа қалаларының әлеуметтік-экономикалық дамуымен салыстырғанда 20 жылға артта қалып келеді», — дейді кәсіпкерлер.

Олардың айтуынша, қалада 50 мыңға жуық Қазақстан азаматы тұрады. Олардың ішінде шамамен 1 мың адам Ресейдің федералдық салық инспекциясында (ФСИ) кәсіпкер ретінде тіркелген.

«Қазақстан азаматы – Байқоңыр қаласының тұрғыны, Ресейдің федералдық салық инспекциясында кәсіпкер ретінде тіркелген. Оның зейнетақы және өзге де әлеуметтік салықтары Ресей бюджетіне түседі. Мұндай кәсіпкердің және оның қызметкерлерінің зейнетақы алуы үшін Ресей аумағында тұрақты тұруы керек болады. Ол Байқоңырдан Қазақстандағы басқа қалаға көшкен жағдайда кәсіпкер құқығынан айырылады», — деп кәсіпкерлер өздерінің әлеуметтік қорғалмағандығын түсіндіреді.

«АИ-92 бензин бағасы қалада литріне 147 теңгеден 224 теңгеге дейін өсті. Онда да ресейлік акциз үшін  кәсіпкерлер  төлеуі керек «, — дейді Байқоңыр кәсіпкерлері.

Кәсіпкерлер наразылығы одан әрі ушығып кетпеуі үшін Байқоңыр қаласына әлеуметтік міндеттерді Ресей әкімшілігімен бірлесе атқаратын қазақстандық әкім енгізілуі керек.

Сондай-ақ, кәсіпкерлер Байқоңыр қаласына қазақстандық кіріс комитетін енгізілуін қалайды. Сонда кәсібін енді бастаған кәсіпкерлер мен заңды тұлғаларда тіркелу кезінде Қазақстан кіріс департаментін немесе Ресей федералдық салық инспекциясын таңдау құқығы болады.

Қорытындылай келе кәсіпкерлер Байқоңыр қаласының тұрғындары арасында ашық референдум өткізуді сұрады. Референдумда қала тұрғындарының ұсыныстары талқыланбақ.

Дереккөз: Lsm.kz

Мейірім Бақытжанова