Kaspi.kz басқа банктердің карталарынан төлем жасауға тыйым салды

банктердің
Фото: valrating.com

Алматы. 17 қыркүйек. 7kun.kz – Kaspi.kz сайтында сіз басқа банктердің карталарынан төлемдер жасай алмайсыз. 10 қыркүйектен бастап төлем қызметіне Kaspi Әмиян және Kaspi Gold карталарын таңдауды ұсынады.

Kaspi Bank-тың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Kaspi.kz-ке басқа банктердің карталарынан төлеуді тоқтатуға шешім қабылдады, себебі бұл қызмет танымал емес және мұндай төлемдер бойынша бонустар есептелмейді.

«Басқа банктердің карталарынан жасалатын төлемдер барлық төлемдердің тек аз пайызын ғана құрады. Қызметтің танымал болмауы, ең алдымен шектеулі функционал мен бонустың болмауына байланысты болды. Біздің сүйікті клиенттер Kaspi Gold-ды пайдалануды қалайды», — деп хабарлады банк.

Kaspi.kz арқылы сатып алу, төлем жасау және басқа да қызметтерді пайдаланып үйреніп қалғандарға тығырықтан шығар екі жол бар: Kaspi Әмиянды терминал арқылы толтыру немесе кез келген банк филиалында Kaspi Gold картасын 15 минут ішінде алуға болады.

«Kaspi Gold картасын басқа банк картасынан комиссиясыз Kaspi банкоматтары немесе Kaspi терминалдары арқылы толтыруға болады», — деп толықтырды баспасөз қызметі.

Kaspi.kz — интернет-дүкеннің көпфункционалды сервисі және түрлі қызметтер, оның ішінде коммуналдық қызметтер үшін ақы төлеу мүмкіндігі.