Кезек күттірген дүкен: H&M қалай бренд болды?

2217
H&M

Жуырда Қазақстанда H&M брендінің дүкені ашылды. Елімізге енді келіп жатқан компания болғанымен, брендтің тарихы 20-ғасырдың екінші жартысынан басталады. Қазақстандық БАҚ-та дүкеннен тауар алу үшін түні бойы кезек күтіп тұрғандар туралы ақпарат тарады. 7kun аталған компания көптің қызығушылығын тудырғанын ескеріп «Брендтер тарихы» айдарының бүгінгі санын H&M компаниясына арнап отыр.

Hennes & Mauritz, көбіне H&M белгісімен танымал швед компаниясы — Еуропадағы ең ірі киім саудасы желісі. Бренд ерлер мен әйелдерге және балаларға арналған киім, аяқ киім, сондай-ақ космитика сатумен де айналысады. Бірегей дизайнмен жасалған өнім ұсыну үшін, компания өкілдерінің айтуынша, жүзге тарта маман жұмыс істейді.

Швециялық жас кәсіпкер Эрлинг Перссон АҚШ-та жүргенде брендтердің сапалы өнімдерді халыққа қолайлы бағада сатып жатқанын, ал өзі өскен Еуропада танымал тауарлардың тым қымбат екеніне көзі жетеді. Киімдердің сапасына еш әсер етпей қолайлы бағада өнім жасап, кәсіп жүргізуге болатынын түсінген Эрлинг «ауылына» қайтады.

Еуропаға келген жас кәсіпкер Вестерос қаласында 1947 жылы өз дүкенін ашады. Ол тек әйелдер киімін сататын компания құрады да, оның атауын швед тілінен аударғанда әйелдерге қатысты ғана айтылатын «оныкі» мағынасын білдіретін Hennes есімдігімен атайды.

Біраз жыл өткен соң, 1968 жылы Перссон аңшылар мен балықшыларға арналған құрал-жабдықтар мен киім сататын Mauritz Widforss дүкенін иемденеді. Оның бұл дүкенді сатып алудағы мақсаты Стокгольмдегі сауда орталығының ғимаратын толтыру болатын, бірақ бертін келе  өзі сататын тауарлардың ассортиментін көбейту туралы да шешім қабылдайды. Уақыт өте келе ол ерлер мен балаларға арналған киімдер шығарумен айналысады. Осыдан кейін компания атауы «Hennes & Mauritz» болып өзгереді.

Бүгінде «H&M Group» ұсынған киім-кешек пен косметикалық өнімдер шамамен әлемнің 37 елінде орналасқан 2200-ден астам дүкенде сатылымға шыққан.

Киімнен бөлек H&M тұтынушыларына өзге де үй жиһазын да ұсынады. Оның тауарлары көп жағдайда компанияның интернет-каталог бойынша тарайтын. Сондықтан көп жағдайда оның тауарларын Дания, Финляндия, Германия, Нидерланд, Норвегия, Швеция секілді интернет-дүкен арқылы сауда жасау қарқынды дамыған мемлекеттерде тұтынады.

Компанияда шамамен 100 мыңға жуық қызметкер еңбек етеді. 2009 жылы оның сауда айналымы 118 700 млн швед кронасына тең болды.

2004 жылдан бастап компания танымал дизайнерлермен қолтықтаса жұмыс жасап, жаңа сән топтамаларын жарыққа шығаруды қолға алды. Жоғарғы сән өнімдері қарапайым халыққа қолжетімді әрі тиімді бағамен ұсынылғандықтан бұл топтамалар үлкен танымалдылыққа ие болды. Мәселен, 2004 жылдың қараша айында H&M дүкендерінде сатылымға шыққан Карл Лагерфельдтің эксклюзивті топтамасы бір сағаттың ішінде толықтай сатылып кеткен.

2005 жылдың қарашасында Стелла Маккартнидің, 2006 жылдың қарашасында Viktor & Rolf авангардты нидерланд сән үйінен жаңа киім үлгілері жарыққа шықты.

2007 жылдың маусымында Maxis ойындар жасаушысымен бірлесе отырып H&M The Sims 2 ойынына қосымша H&M Fashion Stuff-ті жасап шығарды. Оған 60 киім сәнгері мен 3 H&M дүкені қатысады.

Сондай-ақ 2007 жылдың қарашасында итальяндық дизайнер Роберто Каваллидің сән үлгілері назарға ұсынылса, сол жылы Шанхайда Кайли Миноугтан суға түскенде киетін киімдер топтамасы сатылымға шыққан болатын. Ал 2008 жылдың күзінде жапониялық бренд Comme des Garçonsпен бірлесе отырып жарыққа шығарған жаңа киім үлгілері компания атын әлемге әйгілі ете түсті.

Компания ұсынған 2009 жылғы маусымдық топтама британ модельері Мэтью Уильямсонның сән үлгілерінен тұрды. Алғашқы топтама әйелдер мен балаларға арналған киім үлгілерін қамтып, тек кей дүкендерде ғана сатылды, ал әйелдер мен ерлерге арналған екінші топтама компанияның барлық дүкендерінде сатылымға түсті. 2004 жылдың 14 қарашасында Jimmy Choo аяқ-киім және сөмкедел топтамасы жарыққа шығып, ол компанияның 200 дүкенінде сатыла бастады.

Брендтің дүкендері АҚШ да біршама жылдар бұрын ғана, 2010 жылы ашылды.

2009 жылдың 13 наурызында Ресейдегі «Метрополис» сауда орталығында (Мәскеу, Войковская метросы) «H&M» компаниясының дүкені ашылды. Сондай-ақ компания дүкендері сауда-ойын-сауықтық «Мега Химки», «Мега Белая Дача»(Мәскеу облысы), «Атриум», «Вегас» секілді сауда-ойын-сауық орталықтарында, сонымен біге Санкт-Петербург, Ростов-на-Дону, Воронеж, Екатеринбург, Қазан қалаларында бар. Ресейдегі дүкендерінің жалпы саны 2011 жылы 15-ке жетті. Компания дүкендері ең көп шоғырланған мемлекет – Германия. Онда 377 дүкен орналасқан.

Көрнекі сурет Әлішер Елікбаевтың әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды. Қазақстанда ашылған H&M дүкеніне кіруге кезек күткен қазақстандықтар.

Brand Finance консалтингтік компаниясы 2017 жылдың наурызында өткен жылы табысқа ең көп кенелген брендтердің рейтингін жариялады. Тізімде бірінше орындағы Nike-тан кейін тұрған H&M-ның 2016 жылы 19 млрд пайда көргені жазылған.