«Әкімдікті жауапкершілікке тарту керек»: «Кублей» зауытының тағдыры қалай шешілмек
Сенатта өткен үкімет сағатында ауыл шаруашылығы саласындағы өнімдерді өңдеу мәселесі талқыланды. Өнім өңдеу саласындағы қордаланған мәселелер көтерілді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Кәсіпкерлер өз саласында қордаланған мәселелерді атады. Соның бірі соңғы кезде қоғамда үлкен пікірталас тудырған «Кублей» зауытының мәселесі болды. Біз бірқатар тараптың пікірін сұрап көрдік.
«Кублей» ЖШС бас директоры Талғат Берекешов бүгінгі таңда құрылысы аяқталмаған үйлердің құрылысшылары мен үлескерлері зауытқа сотқа дейінгі арыз тастағанын айтты.
«Зауыт Орал қаласының бас жоспарына сай қаланың өндірістік аймағында орналасқан. Ол Үкіметтің қаулысына сәйкес болатын. 2020 жылы зауыттың көршілес учаскесіндегі зауытты құрылысшылар сатып алып, оны сүріп, орнына тұрғын үй кешенін сала бастады. Өндірістік аймақта 100 метрге дейін нысан салуға болмайды. Ол тұрғын үйді 42 метр қашықтықта сала бастады. Зауыт құрылысқа рұқсат берген жергілікті атқарушы органдарымен соттасты. 2020 жылы сот санитарлық аймақты растап, «Кублейдің» арызын қанағаттандырды. Өндіріс аймағында жақын жерде құрылыс салуға болмайтынын айтты»,- деді ол.
Берекешов 2 жыл бойы Жоғарғы соттың коллегиясы үш рет қарап, соттың заңдылығын растап, қала әкімі мен қала сәулетшісі, құрылысшылардың өтінішін кері қайтарды.
«Жоғарғы сот құрылыс өндіріс аймағында рұқсат ететін құжаттарсыз салынып жатқанын айтты. Үлескерлік қаражат есебінен салынғанын жеткізді. Алайда 2,5 жылдан кейін Жоғарғы соттың өкілдігі бойынша іс қайта қарауға көшті. Барлық арыз қаралды, бірақ үшінші тараптың арызы ескерілмеді. Шешім 180 градусқа өзгеріп кеткен. Бірнеше ай бұрын Орал қаласының сотының судьясы екі санитарлық аймақты алып тастап, салынып жатқан құрылысты заңды деп таныды. Зауыт өндіріс аймағында емес, басқа аймақта орналасқан сияқты шешім қабылдаған. Менің ойымша, бұл қасақана жасалып отырған дүние. Сол жердегі құрылысқа жол беру үшін жасалып отыр. Оралда 32 жыл ішінде ауыл шаруашылығын өңдейтін бірде-бір зауыт салынбады. Біздің зауыт өз қаражатымызға салынды. Отбасын асырап отырған 750 адам қызмет ететін зауыттың ұжымы не істейді? 2500 адам жұмыс істейтін 31 жылдық тәжірибесі бар зауыт елдің ішкі нарығын консерві өнімімен 65 пайызға қамтып отыр. БҚО мен Ақтөбе, Атырау облысының 3 мың шаруасы малын қайта өңдеуге жіберу мүмкіндігінен айырылды. «Кублей» зауыты 10 мың тонна шикізат қабылдап, ауыл тұрғындарының қаржысын уақытылы беріп отыр», - деді ол.
Талғат Берекешов өңірдің өндірістік әлеуетін сақтау бойынша консервті зауыт негізінде мәселені тексеретін комиссия құруды ұсынды.
Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев отандық өндірісті, өнімді терең өндіретін кәсіпорындарды қолдау керек деп есептейді.
«Кублей» мәселесі жергілікті әкімшілік пен сот органдарының мәселесі біздің құзыретімізге жатпайды. Қолымыздан келгенше, қажет болған жағдайда көмек көрсетуге дайынбыз», - деді министр.
Өз кезегінде Сенат депутаты Зәкіржан Кузиев бұл мәселеге қатысты пікірін айтты.
«Зауыт директоры соттың екі шешімі бар екенін атап өтті. Олар оған қайта шағымданғалы жатыр. Біз қазір ол жайлы пікір айтсақ, артық деп ойлаймын. Бірақ менің жеке пікірім, біз мұндай зауыттарды қолдауымыз керек. Құрылысқа өндірістік аймақты берген әкімдікті жауапкершілікке тарту керек. Ол жерде өндірістік аймақ деп оған дейін анық көрсетілді. Қазақстанда ондай мәселелер өте көп. Жоспарын қарамай, неге жерді таратып береді? Оны сот шешімімен қарау керек. Мен зауытты 100 пайыз қолдаймын. Халық ол жерде жұмыс істеп жатыр. 30 жыл істеп жатқан зауытты біз қолдауымыз керек. Бірінші тұрғын үй тұрып, зауыт кейін салынған болса, әңгіме басқаша болатын еді. Ол жерге зауыт бірінші салынып отыр. Қазақстанда ондай мәселе өте көп. Әкімдік неге оны қарамаған? Құрылысшылар үй салып алып, кейін жағымсыз иіс туралы айтып жүр. Сот дұрыс шешім шығарады деп ойлаймын», - деді Кузиев.
Айта кетейік, «Кублей» ЖШС - 1992 жылы құрылған, жаңадан салқындатылған жылқы, сиыр, қой еті консервілер өндірімен айналысатын Қазақстандағы ең ірі қайта өңдеу кәсіпорындарының бірі болып табылады. Еуропаның жетекші өндірушілерінің соңғы жабдықтары компанияға жоғары сапалы өнімдер мен керемет дәмдік сипаттамалар жасауға мүмкіндік береді.Кәсіпорын өнім өндірісі кезінде азық-түлік қоспалары мен ГТӨ жоқ 100% табиғи шикізат өнімдерін қолданады. «Кублей» ЖШС-нің барлық өнімдері ГОСТ, ҚР СТ, ҚР және Кеден одағының техникалық регламенттеріне және Ұйым стандарттарына сәйкес дайындалады. Өнімнің жоғары сапасын қамтамасыз ету үшін компанияда шикізат пен дайын өнімнің микробиологиялық, органолептикалық және физика-химиялық көрсеткіштерінің сапасын бақылайтын сертификатталған өндірістік зертханасы бар.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024