Үкімет елдегі тұрғын үй дамуының бірыңғай моделін әзірлейді

35
шаршы
Фото: domik.ua

Алматы. 2 қыркүйек. 7kun.kz – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайынғы Президенттік Жолдау аясында көп балалы отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету шаралары туралы айтты.

«Менің Үкіметке берген тапсырмам: үш жыл ішінде кезекте тұрған көп балалы отбасыларға тұрғын үй беру мәселесін шешу. Олар 30 мыңға жуық. Меншікке тұрғын үй сатып алу үшін табысы жоқ азаматтарға әлеуметтік жалға алу жағдайында тұруға мүмкіндік беру қажет. Бұл мақсатқа 2022 жылға қарай мемлекет 240 млрд теңгеден астам қаржы бөледі. Бұл жұмысқа жеке бизнесті тартудың жаңа шараларын жасап, МЖӘ тетіктерін іске қосу керек», — деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Оның айтуынша, әкімдіктердің әлеуметтік пәтерлер берген кезде кезектілікті қалыптастыру мен ілгерілетудегі ашық емес процесіне қазақстандықтардың көңілі толмайды.

«Үкімет жыл соңына дейін жалға берілетін тұрғын үйге кезекте тұрғандарды есепке алудың, сондай-ақ «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша жеңілдікті тұрғын үй қарыздарын алудың бірыңғай ұлттық жүйесін құруы керек», — деп атап өтті ҚР Президенті.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Үкіметке елдегі тұрғын үй дамуының бірыңғай моделін әзірлеп, өзара бөлінген бағдарламаларды қабылдау тәжірибесінен бас тарту қажеттігін айтты.

«Мәселен, бастапқыда әлеуметтік деп есептелген «7-20-25″ бағдарламасы аясында отбасының орташа табысы айына 320 мың теңгені құрауы керек. Табысы аз адамдар оған қатыса алмады. Сондықтан, биыл «Елбасының» бастамасымен жеңілдетілген мөлшерлеме 2% және алғашқы төлемі 10% болатын жаңа «Бақытты отбасы» бағдарламасы іске қосылды. Бұл өте тиімді жағдай. Жыл соңына дейін кемінде 6 мың отбасы осы бағдарлама аясында тұрғын үй алады. Бірінші кезекте мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар мен көпбалалы отбасылар», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

2020 жылдан бастап 10 мың отбасы жыл сайын тұрғын үймен қамтамасыз етіледі.

«Үкімет бағдарламаға қатысу үшін нақты критерийлерді анықтап, оны қатаң бақылауды қамтамасыз етуі керек. Қолдау оған шын мәнінде мұқтаж адамдарға ғана берілуі тиіс», — деп атап өтті ел президенті.