Цеснабанк Центр Кредит Банктің ірі көлемдегі акциясын сатып алады

410
ЦентрКредит
Фото: kapital.kz

Алматы. 1 ақпан. 7kun.kz —  Центр Кредит Банктің шетелдік акционерлері үлесін қазақстандықтарға сататын болды. Бұл туралы банктің басқарма төрағасы Владислав Ли-дің KASE-ге жолдаған хабарламасында айтылды.

Хабарламада айтылғандай банктің 10,0% үлесіне ие International finance corporation өз үлесін Бақытбек Байсейітовке сатуды шешкен.

Ал банк акциясының 41,93%-на ие кореялық Kookmin Bank бұл үлесті Бақытбек Байсейітов, «Цесна банк» АҚ, «Цесна қаржы холдингі» АҚ-нан құрылған үштікке сатуға келіскен.

Хатта айтылғандай, келісімді реттеуші орган мақұлдауы керек. Бәрі сәтті аяқталған жағдайда 2017 жылдың 2 тоқсанында банк иелерінің ауысу процесі аяқталады. «Бұдан бөлек ақпарат акцияларды сатып алу-сату туралы келісім жүзеге асқаннан кейін беріледі» делінген хабарламада.

Еске салайық,  Kookmin Bank ЦентрКредит банктегі үлесін сатуы мүмкіндігі туралы ақпарат өткен айда пайда болған еді. Біздің дерек көздеріміз кореялық банктің үлесін Цесна банк иелері сатып алуы мүмкін деген еді. Алайда біздің сауалхатымызға банктер бұл тек сыбыс қана деп жауап берген болатын.