Көпбалалы отбасыларға мамырдан бастап пәтер беріле бастайды

отбасыларға
Фото: sud.ua

Алматы. 30 сәуір. 7kun.kz – Көпбалалы отбасыларға арналған жаңа ипотекалық бағдарлама мамыр айында басталады. Бұл туралы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова мәлімдеді.

Ибрагимованың айтуынша, бағдарламаға төрт және одан да көп кәмелетке толмаған балалары бар, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, толық емес отбасылар қатыса алады.

«Бұл отбасылар аз табыс табуы керек, мысалы, қарыз мөлшері 12 млн теңге болса, бүкіл отбасы 88,4 мың теңге көлемінде табыс табуы керек. Сол кезде ай сайынғы төлем алғашқы сегіз жылда 60 мың теңге және одан кейінгі 11 жылда 44 мың теңге көлемінде болады», – деді ТҚЖБ басшысы.

Осы бағдарлама аясында бастапқы және қайталама нарықтардағы пәтерлерді, сондай-ақ жеке тұрғын үйді сатып алуға болады.

«Менің ойымша, көп балалы отбасылар елорда маңындағы үйлерге үлкен қызығушылық танытады. Бұдан басқа, бағдарламада тек ірі қалаларда ғана емес, облыс орталықтарында, аудандар мен моноқалаларда тұрғын үй сатып алуға рұқсат етіледі. Көп балалы және аз қамтамасыз етілген отбасылар бұл бағдарламаны күтіп отыр, өйткені несие бойынша ставка – жылдық 2%. Алғашқы жарна 10% – ға дейін төмендетілді, яғни пәтерді 12 млн теңгеге сатып алу үшін салым құны 1,2 млн теңге болады», — деді Ибрагимова.

Сонымен қатар, оның айтуынша, көптеген облыстар мен Нұрсұлтан, Алматы мен Шымкент әкімдіктері 1 млн теңгеге дейін тұрғын үй сертификаттарын беруге ниет білдірді.

Тұрғын үй құнының ең жоғары мөлшері Нұрсұлтан және Алматы қалалары бойынша – 15 млн теңге, қалған облыс орталықтары бойынша – 10 млн теңгеге дейін белгіленді.