Кредит нарығы қайта жанданды

Kazpravda.kz

Алматы. 7 ақпан. 7kun.kz — Ұлттық валютада берілетін кредит заңды тұлғалар үшін қол жетімді бола бастады. 2016 жылдың қорытындысы бойынша банктердің пайыздық мөлшерлемесі біртіндеп түскені байқалады. Нақтырақ айтсақ, 2016 ж. қаңтарда — 25,8%, желтоқсанда — 14,4%. Бұл туралы Ұлттық банктің баспасөз қызметіне сілтей отырып, Капитал.kz хабарлады.

Теңгемен берілетін кредиттердің пайыздық мөлшерлемесінің төмендеуіне Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені төмендетуі, қысқа мерзімді өтімділіктің жақсаруы, банк нарығында бәсекелестіктің артуы себепші болды. Осылайша, мекемелерді қаржыландырудың көзі болып есептелетін теңгелік кредиттер қолжетімді бола түсті. Жағдай осы күйінен ауытқымаса, теңгедегі кредит негізгі капиталға құйылатын инвестиция көзі болып қала береді.

Пайыздың төмендеуі берілген қарыз көлеміне тікелей әсер етіп отыр. 2015 жылмен салыстырғанда мекемелерге ұлттық валютада берілген кредит 2,25%- ұлғайып, 5 549,3 млрд теңгеге жетті. Оның ішінде 55 пайызы екінші жарты жылдықта, яғни  төмен пайыздық мөлшерлеме кезінде берілген кредиттер. Ұлттық валютадағы займдардың ең көп бөлігі экономиканың құрылыс (5,5%), сауда (52,6%) және өндіріс (27,5%) саласына  берілген.