Ұлттық банктің халықаралық резервтері 33 млрд долларға жетті

халықаралық резервтері
Фото: ic24.kz

Алматы. 23 тамыз. 7kun.kz — 2017 жылдың шілдесінде ҚР Ұлттық банкінің жалпы халықаралық резервтері 32,9 млрд долларға жетті. Оның ішінде шетел валютасындағы активтер — 21,5 млрд доллар, алтындағы активтер — 11,4 млрд доллар. Бұл туралы банктің баспасөз қызметі хабарлады.

Шілде айында елдің халықаралық резервтері жалпы ұлттық қордың активтерін қосқанда 90,8 млрд долларды құрады (шетел валютасында 57,9 млрд доллар).

«Ұлттық банктегі халықаралық резервтер мен ұлттық қордағы активтері көлемінің өзгеруі республикалық бюджетке мақсатты кепілдендірілген трансферттердің бөлінгеніне байланысты. Сонымен қатар, «Проблемалы несиелер қорын» капиталдандыру, ұлттық банк шотындағы валюта түсімі, банк есепшотындағы шетел валютасының қалдықтарының артуы, ұлттық қор активтерін толтыру операциялары себеп болды», — делінген хабарламада.

Одан бөлек, 2017 жылдың шілдесінде қаржы базасы 5,5 пайызға кеңейіп 5,4 трлн теңгені құрады.