Астана Банкі салымшыларының қаражаты ҚДКҚ тарапынан қайтарылады

47
АҚ
Фото: infomburo.kz

Алматы. 19 қыркүйек. 7kun.kz – Астана Банкіндегі салымдар  Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорымен кепілдендірілген. Сондықтан теңгемен 10 млн, шетел валютасымен 5 млн теңгеге дейінгі мөлшердегі қаражат ҚДКҚ тарапынан қайтарылады. Бүгін Ұлттық банк осындай мәлімдеме таратты. 

«Ұлттық Банк Басқармасының «Астана Банкі» АҚ-ты банктік және өзге де операцияларды жүргізуге арналған лицензиясынан айыру туралы шешім қабылдауына байланысты жеке тұлға-салымшыларды теңгемен және шетел валютасындағы депозиттер, төлем карточкаларындағы және банктік шоттардағы ақша Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының кепілдігімен қорғалғанын ескертеді, демек, болашақта сот банкті мәжбүрлеп тарату туралы шешім қабылдаған жағдайда, ҚДКҚ жеке тұлға-салымшыларға кепілдік берілген өтемақыны төлеуді жүзеге асырады»,- делінген хабарламада.

Кепілдіктің ең жоғары шегі: теңгемен депозиттер бойынша – 10 миллион, шетел валютасындағы депозиттер бойынша – 5 миллион теңгеге дейін мөлшерді құрайды.

Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының қаражатынан банк клиенттері: жеке тұлғалар, дара кәсіпкерлер, жеке сот орындаушылары, нотариустар, адвокаттар өтемақы алуға құқылы.

Банктік шоттағы қалдық өтелуге тиіс. Банк есептеген сыйақыға кепілдік берілмейді.

Айта кетейік, «Астана Банкі» АҚ-та жеке тұлғалардың барлығы 41,2 миллиард теңге сомаға депозиттері орналастырылған. Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының өтемақы төлеу бойынша міндеттемелері 37 миллиард теңгені құрайды.

Банк клиенттерінің 0,1%-нан азының кепілдік берілген сомадан артық депозиттері бар және Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорынан кепілдік берілген сома шегінде өтемақы алады, ал кепілдік берілген сомадан жоғары сомадағы өтемақыны тарату комиссиясынан алады.

ҚРҰБ Төрағасының бұйрығымен уақытша әкімшілік тағайындалды, оған «Астана Банкі» АҚ-тың барлық басқару органының өкілеттіктері өтті. Уақытша әкімшіліктің құрамына ҚРҰБ мамандары кірді.

«Астана Банкі» АҚ-тың уақытша әкімшілігі сот тарату комиссиясын тағайындағанға дейін жұмыс істейтін болады. Уақытша әкімшілік банк мүлкінің сақталуын қамтамасыз ету, банкті басқару, банктің активтерін анықтау, ұйымның активтеріне, міндеттемелеріне және құжаттарына түгендеу жүргізу үшін тағайындалады. Өзінің жұмыс істеу кезеңінде уақытша әкімшілік «Астана Банкі» АҚ-тың активтері мен міндеттемелерін сатып алушы банкке бір мезгілде беру мүмкіндігін бағалайды.

«Астана Банкі» АҚ-ты мәжбүрлеп тарату туралы сот шешімі заң күшіне енген күннен бастап 14 жұмыс күні ішінде ҚДКҚ жұмыс істейтін қазақстандық банктердің қайсысының «Астана Банкі» АҚ-тың салымшыларымен төлем жөніндегі агент ретінде жұмыс істейтінін жариялап, салымшылармен есеп айырыса бастайды. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, бұл банктің қаржылық жағдайы тұрақты, еліміздің барлық жерінде салымшыларға қызмет көрсетуге мүмкіндік беретін ауқымды филиалдар желісі және инфрақұрылымы болуға тиіс. Бұл банк «Астана Банкі» АҚ-тың салымшыларымен ҚДКҚ-ның атынан және оның қаражаты есебінен жұмыс істейтін болады.

ҚДКҚ таңдап алынған агент-банкті жариялаған соң, салымшылар осы банктің   бөлімшесіне кепілдік берілген өтемақыны алу үшін өтініш беруге тиіс. Агент-банк оған  құжаттар келіп түскен күннен бастап 5 жұмыс күнінен кешіктірмей төлем жасауды  жүзеге асырады.

Ұлттық Банк, сол сияқты ҚДКҚ салымшыларды БАҚ арқылы жағдайдың бұдан әрі   өрбуі туралы хабардар етеді. Салымшылар www.kdif.kz  сайтында депозиттерге кепілдік беру мәселелері бойынша қосымша ақпарат алып, заңнаманың жаңартылған  редакциясымен  таныса алады. Мамандардың  консультациялары 8 8000 80 10 20 шұғыл желі нөмірі  бойынша жүргізіледі (қоңырау  шалу тегін).

Барлық туындаған сұрақтар бойынша «Астана Банкі» АҚ-тың  уақытша әкімшілігінің  басшысы Джемма Мұхамбетқызы Зинуллинаға +7 (727) 259-60-60 телефоны бойынша да өтініш  жасауға  болады.