Ұлттық банк бағам белгілеу шартына өзгеріс енгізеді

96
бағам белгілеу
Фото: zakon.kz

Алматы. 24 тамыз. 7kun.kz – Ұлттық банк 10 қыркүйектен бастап KASE арқылы доллар сату мен ресми бағам белгілеу шартына өзгеріс енгізеді, деп хабарлайды Ұлттық банк.

Алдағы уақытта теңгенің долларға қатысты ресми бағамы биржадағы екі сессияның орташа бағамы негізінде белгіленеді.

Ұлттық банктің хабарлауынша, бағам белгілеудің талабы өгермейді. Алайда «USDKZT_TOD» (мәміле жасалған күнгі есеп айырысу) секторынан «USDKZT_TOM» (мәміле жасалғаннан кейінгі күнге арналған есеп айырысу) секторына өзгереді.

Бұл – Ұлттық банктің Қазақстан қор биржасындағы валюталық операциялары «USDKZT_TOM» секторында Т+1 есеп айырысу жүйесі арқылы жүзеге асырылады деген сөз. Айта кетейік, Т+1 есеп айырысу жүйесі әлемдік қаржы нарығында үлкен сұранысқа ие. Аталмыш жүйе әлем бойынша қаржы операцияларын жүргізудің қолайлы әрі тиімді тәсілі деп мойындалған.

Ұлттық банк қолданыстағы Т+0 жүйесінен Т+1 жүйесіне көшу арқылы әлемдік қаржы нарығымен ықпалдастығын арттырады. Шет мемлекеттерден портфельдік инвестиция тартып, өтімділіктің ұлғаюына ықпал етеді.

Т+1 жүйесі еліміздің мемлекеттік бағалы қағаздар нарығына да серпіліс әкеледі.

Айтпақшы Т+1 жүйесі валюта нарығындағы ауытқушылық пен құбылмалықтың алдын алуға да жағдай жасайды. Тап қазір Қазақстанға керегі осы болып тұр.