Ұлттық банк базалық мөлшерлеме деңгейін кезектен тыс көтерді

Фото: Қамшы - Qamshy.kz

2022 жылғы 24 ақпаннан бастап базалық мөлшерлеме +/- 1 п.т. пайыздық дәлізімен жылдық 13,5% деңгейінде белгіленді. Осылайша ҚР Ұлттық банкі геосаяси жағдайлардың нашарлауына байланысты базалық мөлшерлеме деңгейі жөнінде кезектен тыс шешім қабылдады.

ҚР Ұлттық Банкінің кезектен тыс шешімі геосаяси жағдайдың айтарлықтай нашарлауы кезінде баға тұрақтылығын қолдау үшін қабылданған.

Тиісінше, өтімділікті ұсыну жөніндегі тұрақты қолжетімді операциялар бойынша мөлшерлеме 14,5% және өтімділікті алу жөніндегі тұрақты қолжетімді операциялар бойынша мөлшерлеме 12,5%болады.

ҰБ хабарлауынша бұл шара Ұлттық Банкінің инфляциялық таргеттеу шеңберінде жүргізілетін ақша-кредит саясаты ел экономикасына сыртқы күтпеген өзгерістер салдарының таралуының алдын алуға, макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге және теңгедегі активтерді қорғауға бағытталған. Екінші деңгейдегі банктер ақша-кредит саясаты құралдарының шеңберінде қажетті өтімділікпен қамтамасыз етілуде.

Ұлттық Банкінің базалық мөлшерлеме жөніндегі кезекті  шешімі 2022 жылғы 9 наурызда Нұр-Сұлтан қаласының уақыты бойынша 15:00-де жарияланатын болады.