«Маңғыстаумұнайгазға» жұмысқа орналасу үшін 2 миллион теңге берген

487
Маңғыстаумұнайгазға

«Маңғыстаумұнайгазға» жұмысқа тұру үшін Маңғыстау облысының тұрғыны алаяққа екі миллион теңге берген. Мұнайлы ауданының 31 жасар тұрғыны Дәулетті танысы алдап кеткен.

Осы іске қатысты қылмыстық іс қозғалып, Ақтаудың 3-ықшам ауданының 34 жасар тұрғыны қамауға алынды. Полиция осындай жағдайлардың көп болатынын атап өтті. Алдымен, алаяққа ақша беріп, кейін саны соғылып құқық қорғау органдарына шағым түсіреді. Наурыз айының өзінде Ақтауда осыған ұқсас 20 қылмыстың беті ашылды.

2014 жылдың қазан айында Маңғыстау облысының Жетібай ауданының тұрғыны беделді компанияға қызметке орналасу үшін 5,5 миллион теңге беріп, алданып қалған еді. 39 жасар әйелді 2012 жылдың мамыр айында өзінің сыныстастары алдап кеткен. Сол қылмыс өткен жылы ғана белгілі болды. Аталған қылмысқа қатысты 38 және 40 жасар екі әйел қамауға алынды.

Сонымен бірге, Шымкент қаласының тұрғыны балабақша меңгеруші қызметіне орналасу үшін 15 мың доллар ақша берген. Ақшаны Қажымұқан атындағы орталық стадион директорының орынбасарына берген. Айта кететін бір жәйт, әйел қаржыны несиеге алған. Ол ақшаны нотариус арқылы беріп, алаяқпен келісім жасаған. Десе де, директордың орынбасары уәдесінде тұра алмады.