Маңғыстаудың үздік кәсіпкерлері марапатталды

12
үздік

Алматы. 17 тамыз. 7kun.kz – Ақтау қаласында «Қазақстанның үздік тауары — 2018» өңірлік көрме-байқауы өтті. Шараға аймақтағы 30-дан астам кәсіпорын қатысты, деп xабарлайды облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі.

Қатысушылардың 14-і көрмеге өнімдерін шығарды. Биылғы байқауда танымал кәсіпорындармен қатар кәсібін жаңадан бастаған тауар өндірушілердің де өнімдерімен танысуға мүмкіндік туды.

«Қазақстанның үздік тауары» — ұлттық бренд деңгейіне көтерілген беделді шара. Көрме-байқау дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Сондықтан да байқауға қатысу — кәсіпорындардың өзін танытуға, тауарын жарнамалауға, тұтынушы қатарын арттыруға зор мүмкіндік болып саналады. Сонымен қатар жергілікті тауарөндірушілерді қолдау, отандық өнімдердің сапасын арттыру, инвестиция тарту, жаңа серіктес табу, бизнестің жаңа бағытын ашуға да серпін бермек. Байқау мақсаты — өнімдерді көбейту, аймақ нарығында  өнімдерді жоғары сапалы және бәсекеге қабілеттілігін арттыру және халық арасында сапа идеясын танымал ету мақсатында ұйымдастырылды.

«Маңғыстау облысы — Қазақстанның ең қарқынды дамып келе жатқан аймағының бірі, елдің  жалпы ішкі өнімі  5,6 % -ын құрайды. Жыл сайын біздің облыста орта есеппен  914 жаңа кәсіпорын ашылып жатыр. Маңғыстау облысында  9 595 кәсіпорын бар, оның ішінде 306 ірі және орта. Үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы бойынша облыстың Индустрияландыру картасына  22 жоба енгізілді. Қазіргі кезде Еуразиялық экономикалық қауымдастығы (ЕурАзЭҚ) мен Дүниежүзілік сауда ұйымы (ДСҰ) аясында жоғары сапалы әрі бәсекеге қабілетті өнімдерді шығаруға ерекше назар аударылып отыр. Біздің кәсіпкерлер уақытпен санаспай еңбек етіп, тұтынушылардың сұранысына сай, шама келсе бір адым алда жүруі қажет», — дейді шараға қатысқан Маңғыстау облысының әкімінің орынбасары Руслан Сакеев.

Бұл шара 2006 жылдан бастап елімізде өңірлік және республикалық деңгейде өткізіліп келеді. 2015  жылдан бастап аталмыш байқауды «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұйымдастыруда.

Маңғыстау облысының «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрбек Қарасаевтің айтуынша, Мемлекет басшысы «Қазақстан 2050» стратегиясында отандық бизнесті ішкі табысты өсірудің ең маңызды көзі ретінде белгіледі. Біздің облыстың кәсіпкерлері жаңа бастамаларды белсенді түрде қолдайтынына сенімдімін. Осылайша олар экономиканың өсуіне және халықтың әл-ауқатының одан әрі жақсаруына үлес қосады.

Сынақ  «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар», «Халық тұтынатын үздік тауарлар», «Үздік азық-түлік тауарлары» деп аталатын үш аталым бойынша өтті. Сараптамалық комиссия жеңімпаздарды анықтады.

«Өңірлік мақсаттағы үздік тауарлар» аталымы бойыншы «Каспий Битум» ЖШС, «Каскор-Машзавод» АҚ, «Паркер-Казахстан» ЖШС топ жарды.

«Халық тұтынатын үздік тауарлар» аталымында «Жанарыс» ЖШС, «Жекенова Әсел» ЖК, «Домик» ЖК жеңіске жетті.

Ал, «Үздік азық-түлік тауарлары» аталымы бойынша « «Сегізбай Ата» ауылшаруашылығы кооперативі» ӨК, «Сәукімбек» ЖШС, «Берекет-Ф» ЖШС үздік өнім иесі атанды.

Жеңімпаздарға арнайы дипломдар табысталды. Шараға облыс тұрғындары мен қонақтары қатысып, жергілікті кәсіпкерлер ұсынған отандық өнімдердің көрмесін тамашалады.

Жеңіске жеткен кәсіпорындар Маңғыстау облысы атынан «Қазақстанның үздік тауары» республикалық байқауына және «Қазақстанда жасалған» көрмесіне қатысатын болады. Республикалық байқау Астана қаласында 12-13 қазан күндері өтеді деп жоспарланған.